Тоқаев: “Ассамблеяға қарасты ұйымдар нәтижелі жұмыс істеуі қажет” 

Dalanews 30 шіл. 2021 13:37 210

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілхановты қабылдады, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Мемлекет басшысына Ассамблеяның ел аумағында атқарып жатқан жұмыстары жайында баяндалды. Бұдан бөлек ұйым қарасты қоғамдық институттардың аймақтарда жүзеге асырған іс-шараларының нәтижесі егжей-тегжейлі сөз болды.

Әзілхановтың есебін тыңдаған Тоқаев Ассамблеяға қарасты барлық құрылымдар қоғамдық өмірден қалыс қалмай, нақты әрі сапалы жұмыс істеу қажеттігін ескертті. 

“Ассамблея қатарындағы жастарға, соның ішінде Жастар қозғалысы мен Аналар кеңесінің қызметіне ерекше назар аударыңыздар. Аталған екі ұйым жастар мәселесі мен көп балалы аналар проблемасына белсенді атсалысуы қажет. 1995 жылдан бері елімізде этносаралық бірлікті нығайту саласында ауқымды жұмыс атқарылды, осы қарқынды жоғалтпауымыз қажет”, – деді президент.

Кездесу қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея төрағасының орынбасарына еліміздегі медиация институтын жетілдіру жөнінде бірқатар нақты-нақты тапсырма берді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x