Back

Төрешінің ұлты – неміс. Бізден жеңісті тартып алды! – бас бапкер Байсейітов

Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы үшін Токио Олимпиадасы сәтсіз аяқталды. Бүгін ел сапынан соңғы болып сынға түскен Нұрсұлтан Тұрсынов алғашқы айналымда германиялық қарсыласынан ұтылды.

Белдесу аяқталғаннан кейін бас бапкер Бақтияр Байсейітов төрешілер шешімімен келіспейтінін жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz Olympic.kz порталына сілтеме жасап.

“Төрешілер тарапынан бағалау дұрыс болған жоқ. Өздеріңіз көргендей, әдіс жасалды. Тіктұрып жартылай әдіс жасап лақтырды.

Ереже бойынша толық жасалмаған әдіске екі ұпай берілуі керек. Олар, төрешілер мұны есептеген жоқ.

Мен төрешілер шешіміне шағым түсіргенде (челлендж) белдесуді қайта қарап, шешімді өзгертпеді. Әдетте шағым қанағаттандырылмаса қарсыласқа бір ұпай беріледі.

Бас төреші, төрешілер координаторының ұлты – неміс. Осы жерден өздеріңіз қорытынды жасай беріңіздер болады. Бұл жерде бізден жеңісті тартып алды деп есептеймін”, – дейді бас бапкер Бақтияр Байсейітов.

Айта кетелік, Нұрсұлтан Тұрсынов Токио бозкілемінде 87 келі салмақ дәрежесінде белдесті. Кездесу 4:1 есебімен неміс Денис Кудланың пайдасына шешілді.

Токио Олимпиадасы: балуан Нұрсұлтан Тұрсынов жеңілді