Отандық өрт сөндірушілер жоғарыға сатымен жылдам көтерілуден сынға түсті  

Dalanews 29 шіл. 2021 12:48 164

Петропавл қаласында еліміздегі өрт сөндірушілер арасында сатымен зәулім ғимаратқа көтерілуден сайыс өтті деп хабарлайды Dalanews.kz.

Өрт сөндірушілер бұл шараны ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнады. 

“Вертикалды сынақ” деп аталатын осынау сын өз саласын жетік меңгерген мамандардың шеберлігін шыңдауға бағытталған. 

Шарт бойынша өрт сөндірушілер биіктігі 18 қабатты құрайтын ғимаратқа жылдам көтерілуі тиіс. 

“Осы арқылы біздің кәсіптің қаншалықты ауыр, қиын мамандық екенін көрсеткіміз келеді. Өрт сөндірушілердің әлеуметтік мәселесіне ел назарын аудартуды мақсат тұттық. Сонымен қатар осы бастама арқылы салауатты өмір салтын насихаттағымыз келді”, – дейді сала мамандары. 

Осы мақсатта қаладағы “Жас өркен” ықшам ауданында орналасқан тұрғын-үй уақытша спорт-сынақ алаңына айналды. 

18 қабаттан тұратын тұрғын-үйдің баспалдағымен бір деммен жүгіріп өтіп, өз әлуетін бағалауға қаладағы 5 бірдей өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші әрі құтқарушы мамандары қатысты. 

Шараға ұйытқы болған азаматтардың пікірінше, өрт сөндірушінің жабдығын толық киіп, оттегі аппаратымен тыныс алып, жоғарыға жылдам жеткен маман үздік атанады. 

Өрт сөндірушінің арнайы киімін арқалап жүрудің өзі оңай емес. Киімнен бөлек бұған касканы қосыңыз, белбеуі бар, оттегі аппараты бар, маскасы және бар. Шамалап алғанда бұлардың салмағы 20 келіден асып кетеді. 

“Мұндай жүкпен жоғарыға көтерілу кез-келгеннің қолынан келмейді. Өте ауыр сынақ. Бірінші кезекте төзімділік қажет, дұрыс тыныстай білу де маңызды, күшіңді орнымен жұмсаған жөн. Солай болса тұра адам боп жаратылғасын шаршамай тұра алмайсың. 10-шы қабатқа көтерілгенде қалжырай бастайсың, аяғың өзіңе бағынудан қалады. Тек 13 қабатқа жете бере екінші тынысың ашылады”, – дейді өрт сөндірушілер. 


Жарыс нәтижесі бойынша бірінші орынды Петропавлдың №5 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушысы Бақыт Мерекенұлы иеленді. Ол 18-ші қабатқа 1 минут 42 секундта көтерілді. Ал командалық аламанда № 1 өрт сөндіру бөлімі үздік деп танылды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x