Back

Қытай билігін ашық сынаған әйгілі миллиардер 18 жылға сотталды

Қытайдың Коммунисттер партиясын ашық сынап жүрген миллиардер Сунь Даву 18 жылға түрме жазасына кесіліп, 3 миллион юань айыппұл төлеуге міндеттендірілді.

Ол халықты мемлекеттік мекемелерге шабуыл жасауға шақыруға, заңсыз бизнес жүргізуге, заңсыз жер басып алуға және араздықты қоздыру баптары бойынша айыпталған.

67 жастағы Сунь – 9 мың адам жұмыс істейтін ауыл шаруашылығы кәсіпорнының басшысы.

Ол 2019 жылы 100 миллиондай шошқа өліміне себеп болған шошқа тұмауының масштабын жасырғаны үшін қытай үкіметін ашық сынаған.

Осыдан кейін мемлекет оның жер учаскесін тартып ала бастаған. Reuters хабарлағандай, оның қызметкерлері совхоз ғимараттарының сүрілуіне қарсы шығып, полициямен қақтығыста жарақат алған.

Қытай құқық қорғаушылары Сунь адам құқықтарын қолдағаны үшін жазаға тартылғанын айтады.

“Әбден жемқорланған шенеуніктер, биліктегі құрығы ұзын тұлғаларға сот жоқ. Олар заңға бағынбайды. Қарапайым тұрғындар берекесіздіктен қажыды. Халық елде тәртіп орнағанын, жоғарыдағы тұлғалардың заңға бағынғанын қалайды. Жыл өткен сайын қытайлардың заңдық сауаты артып келеді. Бұрында қандай да бір мәселе туындаса олар тамыр-танысына жүгінетін еді, қазір сауатты заңгер жалдауға тырысады. Бұл да болса елдің оянғанының белгісі”, – деген болатын Сунь Даву.

Сунь қытай университеттерінде лекция оқып, қайырымдылық істерімен айналысып келген. Аурухана мен мектептер салуды қаржыландырған.

Соңғы уақытта Қытай билігі бизнесті қатты қысымға алуда. Қазір Alibaba, Didi және Tencent секілді алпауыт компаниялардың үстінен қылмыстық іс қозғалған.

Alibaba компаниясының негізін қалаған Джек Ма биліктің саясатын ашық сынаған болатын, артынша миллиардер бірнеше ай бойына ел көзінен жоғалып кеткен.

2020 жылы Қытайда жылжымайтын мүлік магнаты, блогер Жэнь Чжицян 18 жылға бас бостандығынан айырылған.

Бейжің соты “Huayuan Real Estate Grouр” мемлекеттік құрылыс компаниясының бұрынғы басшысын “коррупция, парақорлық, мемлекет мүлкін жымқыру, қызмет бабын асыра пайдалану” баптары бойынша кінәлі деп тапқан.