Back

Аягүл Мантайдың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Жазушы Аягүл Мантай қайтыс болғаннан кейін Түркістан облысының полицейлері қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Dalanews.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

Сотқа дейінгі тергеу амалдары “Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу” бабы бойынша басталған.

Жазушының мезгілсіз қазасы әлеуметтік желілерде резонанс тудырды. Желі пайдаланушылары марқұмды өлімге итермелегенін айтуда.

“Суицид жайты Жетісай АПБ полицейлерімен ҚР ҚК-нің 105-бабымен “Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу” тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлермен қажетті деген іс-шаралардың барлығы атқарылуда. Тиісті сараптамалар тағайындалды.

Оқиғаның толық мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады, – деді Түркістан облысы ПД ресми өкілі Салтанат Қаракөзова.

Жазушы Facebook әлеуметтік желісіндегі соңғы жазбасында намаз оқығысы келетінін айтып жазба қалдырған болатын.

“Өкініштісі, адамдар өзіне ұқсамаған адамды өлтіруге, жерлеуге асығады. Мен ылғи да жүрекке оралуды, Құдайға оралуды армандаппын. Бірақ оралмаппын. Өзімнің тап-таза жүрегімді, Құдайды тапқым келеді”, –деген еді ол.

Ол Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданы, Байқоныс ауылында дүниеге келген. 2009 жылы “Жалын” баспасынан “Жаңбырлы көктем” атты әңгімелер жинағы жарық көрген.

Аягүл Мантай — “Серпер” жастар сыйлығының лауреаты, Баққожа Мұқаи атындағы әдеби байқаудың жүлдегері.

2010 жылы Әдебиет номинациясы бойынша Президент стипендиясының иегері атанды.

Аягүл Мантай. Өмірде мұндай адамдар қаншама?!