Pfizer? Екпенің елге жеткізілуіне кедергі келтірген шенеуніктер жауапқа тартылады - Тоқаев

Dalanews 19 шіл. 2021 13:22 158

Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Тоқаев вакциналауға қатысты жалған құжаттар жасау деректеріне назар аударып, оның қоғам үшін өте қауіпті жағдай екенін айтты деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сондықтан құқық қорғау органдары осы мәселеге баса назар аударуға тиіс. Мемлекет басшысының пікірінше, азаматтарымыз өздерінің және жақын туыстарының денсаулығын ойлап, саналы түрде шешім қабылдауы керек.

– Антиваксерлердің қауесет, даңғаза әңгімелеріне сенудің қажеті жоқ. Сондықтан біз екпе салу науқанын жалғастырамыз. Ал, кейбір жекелеген салаларда міндетті түрде вакцина салдыру қажет болады. Бұл үшін заңнамалық та, конституциялық та негіз бар. Турасын айтсақ, бұл – әркімнің өз отандастары алдындағы міндеті, парызы, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтар үшін қол жетімді вакцинаны, соның ішінде, халықаралық деңгейде мойындалған екпенің көлемін ұлғайту қажет екенін айтты.

– Былтыр мен тиісті тапсырма бердім. Бірақ компанияның Қазақстанға бөлген Pfizer вакцинасын жеткізу ісі тоқтап қалды. Қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, Pfizer компаниясы Қазақстанға биыл мамыр айында 2 миллион доза вакцина жеткізуді жоспарлаған.

Үкімет екпе жеткізу ісінің тоқтап қалуын Pfizer қойған бірқатар талаптармен байланыстырады. Бірақ аталған шарттар – вакцина сатып алатын барлық ел үшін бірдей стандарт. Жуырда жаңа ұсыныс келіп түсті. Онда бүкіл іс-қимыл алгоритмі қамтылған. Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қоюы керек дейді.

Егер қажет болса, мұны істеуге дайынмын.

Үкіметке, Президент Әкімшілігіне қалыптасқан ахуалды тексеріп, біздің нарық үшін қажетті осы екпенің жеткізілуіне кедергі келтірген лауазымды тұлғаларға қатысты шара қабылдауды тапсырамын.

Түптеп келгенде, біз азаматтарымыздың өздері қалаған екпені салдыруына мүмкіндік беруіміз қажет. Pfizer вакцинасына қол жетімділік мәселесін қысқа мерзім ішінде шешу керек, – деді Президент.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x