Келімбетов: "Жаңа инвестор тарту үшін "жасыл" экономикаға көңіл бөлген жөн"

Dalanews 14 шіл. 2021 13:40 272

“Астана” халықаралық қаржы орталығының төрағасы Қайрат Келімбетов жаңа инвесторлар тартуда “жасыл экономикаға” басымдық беру маңызды екенін айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Сайтымыздың осыған қатысты сауалына жауап берген Келімбетов климаттың өзгеруі қазіргі таңдағы аса актуалды мәселенің бірі дейді. Алайда қоршаған ортаға құрметпен қарау үшін алдымен қоғамдық мәдениет қалыптастыру қажет. Бұл деңгейге мемлекеттің экономикалық әлеуетін көтергенде ғана қол жеткізуге болады. 

Сөй деген Келімбетов әл-ауқаты артып, дамыған елдердің қатарына қосылған мемлекет экологиялық мәселелерді шешуге де ауқымды қаражат бөле аларын айтады. 

“2012 жылы қабылданған “Қазақстан - 2050” стратегиясында қоршаған ортаны қорғауға ерекше басымдық берілген, соның ішінде климаттың өзгеруінен туындауы мүмкін жаһандық сынақтар да егжей-тегжейлі сөз болған еді. 

Қазақстан осы тарапта адым-адымдап алға жылжып келеді. 2013 жылы “жасыл” экономикаға көшу концепциясы қабылданды.  

Ал 2025 жылға қарай біздің ел қайта қалпына келетін энергия көздерінің үлесін ел көлемінде 3 пайызға, 2030 жылы 10 пайызға, 2050 жылға қарай 50 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр”, – деді Келімбетов.




Оның атап өткеніндей 2013-2018 жылдардың аралығында қайта қалпына келетін энергия көздері, соның ішінде күн және жел энергиясының өндірісін дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылған. 

Осы аралықта күн мен желден энергия алатын нысандардың саны 23-тен 111-ге өскен. 

Қайрат Келімбетов еліміздің 2015 жылы Париж келісіміне қосылғанын, былтырғы жылдың желтоқсанында өткен Жаһандық климаттық өзгерістерге қатысты саммитте Қазақстанның “2060 жылға дейін көмірқышқыл газының үлесін төмендету” туралы мәлімдеме жасағанын еске салды. 

Әзір айтылған бағыт бойынша арнайы бағдарлама әзірлену үстінде.

Бұдан бөлек 2025 жылға дейін қабылданған “Жасыл Қазақстан” бағдарламасы және бар. Бұл бағдарлама ілгеріде айтылған маңызды міндеттерді түгел қамтымақ.  


“Бұл біз үшін әншейін үрдіске ілесу емес. Қоғамның өзі бізден осыны талап етіп отыр. Жаңа дәуірдің инвесторлары “жасыл” жобаларға қаржы құйғанда жөн көреді. Бұл тек Еуропада ғана көрініс тауып отырған тренд емес. Қазақстанда “жасыл” экономикаға капитал бағыттағысы келетін кәсіпкерлер саны арту үстінде”, – дейді Келімбетов. 

Сондықтан да Үкімет жаңа буын инвесторлардың үдесінен шығу білуі керек. Ол үшін “жасыл” экономикаға барынша басымдық берген абзал.

“Уақыт өте келе экологияға, “жасыл” экономикаға көңіл бөлгісі келмейтін елдерге инвесторлар да тұрақтағысы келмейді. Қазірдің өзінде тек “жасыл” экономикамен байланысы бар жобаларға қаржы құятын инвесторлар пулы қалыптасқан. Яғни, қалталы кәсіпкерлер қаржы құятын жоба бірінше кезекте экологиялық таза, қуатты үнемдеп қолданатын, су ресурстарын рәсуа етпейтін, қоршаған ортаны ластамайтын жоба болуы тиіс. Ал егер айтылған талаптан шықпаса, онда қаржыландыру да болмасы анық”, – дейді Келімбетов. 

Оның пікірінше, бірте-бірте жаһан елдері осынау стандартқа төселеді. Бұл стандартты біздің ел де жатырқамай қабылдауға әзір, Қазақстан қазірден бастап аталған талапқа бейімделе бастауы керек. Себебі, кешігер болсақ, көштен қалып қалуымыз мүмкін. 

“Әлбетте, бұл үшін осы тараптағы заңдарға өзгеріс енгізу қажет. Біз өз тарапымыздан “жасыл таксомания” түсінігін ұсындық. Бұл жоба ауадағы зиянды газдардың үлесін азайтуға бағытталған. Қоршаған ортаны ластамайтын таза транспорт, қоқысты сорттау мәдениеті, органикалық ауылшаруашылық дақылдарының өндірісін дамыту, суды үнеммен қолдану, мінекей осының бәрі “жасыл таксомания” түсінігіне кіреді”, – дейді ол. 

Келімбетов Қазақстанның баламалы энергия көздерін дамытатын барлық мүмкіндігі бар деп есептейді. Әйткенмен, бұл тарапта көлденең кездесер кедергілер де көп екенін жасырмайды. 

“Жасыл” экономика атты ұғымға халықтың құлағын үйрете беру қажет. Қазба байлыққа деген сұраныс жыл өткен сайын азайып келеді. Инвесторларға жердің асты емес, үсті, ғаламшар тақырыбы тартымды болып тұр.  Сондай заман келгенде біз де “жасыл” экономикаға арқа сүйейтін жағдайда болуымыз қажет”, – дейді Келімбетов.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
ТЕЛЕ2 - БАСТЫҚ1
22 сәу. 2024 18:05
x