"СҚ-Фармацияның" экс-басшысына қатысты атышулы іс жаңаша сипатке ие болды

Dalanews 14 шіл. 2021 10:22 207

Елордада "СҚ-Фармацияның" экс-басшысына қатысты атышулы іс жаңаша сипатқа ие болды, деп хабарлайды Dalanews.kz "Хабар 24-ке" сілтеп.

Бүгін сот отырысында Ұлттық ғылыми орталық қызметкерінің жауабы тыңдалды. Райхан Мұсағалиеваның айтуынша, індет өршіген кезде алматылық дәрігерлердің қорғаныш құралдарымен қамтылмауы олардың вирус жұқтыруының басты себебі болған.

Жаппай ауруға шалдығу дерегі мәлім болған соң жүргізілген зерттеу жұмыстары осыны көрсеткен.

Қауіптің алғы шебінде жүрген мамандар тиісті 3 қорғаныш киімінің орнына біреуін жарым-жартылай күйде қолдануға мәжбүр болған.

Сарапшының айтуынша, тіпті оны қайта-қайта ауыстырмас үшін жөргек киюге мәжбүр болған.


Еске сала кетейік, Берік Шәріптің үстінен қозғалған іс Нұр-Сұлтан қаласындағы Есіл аудандық сотында қаралып жатыр.

Оған "лауазымын асыра пайдаланды, медицина қызметкерлерін қорғаныш құралдарымен толық қамтымады" деген айып тағылды.

Сот материалдарына сай Берік Шәріп "Іңкәр" компаниясымен 2 млн-нан аса қорғаныс костюмдерін жеткізуге келісімшарт жасасқан. Алайда арнайы киімдердің сапасы стандартқа сай келмеген. Салдарынан 2 мыңнан аса дәрігер ковид жұқтырған.

Алайда "СҚ-Фармацияның" экс-басшысы бұл айыппен келіспейді. Егер оның кінәсі дәлелденсе, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Әзірге Берік Шәріп қаруды заңсыз сақтағанын ғана мойындады.

 

Сурет: rus.azattyq-ruhy.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x