Қарашөкеев? Ол офистің адамы, апат болса қол қусырып отырады - сарапшы

Dalanews 14 шіл. 2021 05:32 192

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев отставкаға кеткен Ауылмин Сапархан Омаровтың орнына неліктен толыққанды кандидат тағайындалмағанын айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

“Тоқаев жаңа министрді Мәжілістің келісімімен ғана тағайындай алады. Депутаттар жазғы демалыста жүр. Қарашөкеевті Ауылминнің міндетін атқарушы (м.а.) қылып қойды”, – дейді ол. 

Сарапшы жаңа министрдің қызметін атқаратын Қарашөкееевтің кәсіби біліктілігіне күмәнмен қарайды. 

“Ол бұған дейін “ҚазАгро-ны” басқарды, вице-министр болды. Шыны керек, холдинг Үкімет күткен үдеден шыға алмай отыр, Тоқаев компанияның жұмысында көптеген кемшіліктерді көзге шұқып көрсеткен еді. “ҚазАгро” сыннан сабақ алғанға ұқсамайды. 

Қарашөкеев? Ол ауыл өмірінен мүлде хабарсыз, ауыл тіршілігінен мақұрым маман. Кеңсенің адамы”, – дейді Әшімбаев. 

Сарапшы Омаровты Қарашөкеевке ауыстырған Тоқаевтың шешім қабылдарда неге сүйенгенін түсінбейтінін айтады. Экс-министрдің орнына ауыл шаруашылығын бүге-шігесіне дейін білетін, осы салада азды-көпті тәжірибесі маманды тағайындаса бір жөн. Айналып келгенде, әлгі тағайындаудан түк өзгермейді.  

Сөй деген Әшімбаев Ауылминнің қызметін нақты кім атқаратыны күзге дейін белгісіз күйде қалады деп болжайды.


“Шілде мен тамызды Ауыл шаруашылығына жауап беретін министрсіз әрі-сәрі күйде өткереміз. Биылғы қуаңшылық пен қымбатшылықты ескерер болсақ, бүтін бір саланың басшысыз отыруы жағдайды ушықтыра түспесе, жақсартпайды. 

Былайша айтқанда, егер алдағы уақытта ауыл шаруашылығы саласында әлдебір апат болса, бұған ешкім жауап бермейді, ешкім мұны мойнымен көтермейді. Омаровпен қош айтыстық, оның орнына келген Қарашөкеев министрдің "міндетті атқарушы" ғана.  

Омаровты отставкаға кетірдік екен, ендеше оның орнына қауырт жұмыс істейтін, жұртпен жүздесіп, тілдесе алатын адамды отырғызу қажет еді. Белсенді депутаттар мен елгезек әкімдердің бірін тағайындау қажет еді. Жалпы бұл министрлікке елге танымал, саяси сахнада салмағы бар тұлғаны отырғызу қажет. Биліктің таңдауы Қарашөкеевке түсті. Мұндай типтегі мамандардың әдетті түк тындырмасына көзіміз жеткен. Тәжірибесі аз маманды ауыл шаруашылығына маңайлатпау қажет”, – дейді ол.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x