Cоңғы жаңалықтар
Back

Арал ауданында төтенше жағдай жарияланды

Қызылорда облысының Арал ауданында қуаңшылық пен мал азығының тапшылығы салдарынан төтенше жағдай жарияланды деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Маусым айы өңірдегі күнкөрісі малға қараған ағайынға ауыр соққан. Бір ғана өткен айдың өзінде 500-ден аса ірі қара арам өлген. Төрт түліктің жаппай қырылуына биылғы аптап ыстық пен соның салдарынан туындаған қуаңшылық себеп.

Аудандағы жайылым жер мен шабындықтың 90 пайызы тұтасымен күнге күйіп кетсе, маусым мен шілде айындағы шіліңгір ыстықтың кесірінен Сырдария өзенінің арнасы тарылған.

Аудандық әкімдік төтенше жағдай жариялауға қажетті қағаз-құжатты бір ай бойы әзірлепті. Әкімдік өкілдері әзір ғана құжатты Әділет министрілігіне тапсырған.

Аудандағы ахуалды күні-түні қадағалап, сараптан өткізетін арнайы жұмыс тобы құрылған. Бұдан бөлек ауданға қарасты ауылдарда жем-шөп жинауға атсалысатын еріктілер бригадасы жасақталып жатыр.

Аудан әкімі Серік Серімағанбетовтың айтуынша жем-шөп тасымалына келгенде өңір басшылығы Ақтөбе облысымен уағдаласқан. Ырғыз ауданының шаруалары Арал ауданына арнап қолжетімді бағада жем-шөп жеткізіп бермек, бұдан бөлек шабындық жерлерін пайдалануға рұқсат етпек.

Бүгінде шөптің шығымына байланысты ауылдық округтер «қызыл», «сары», «жасыл» аймақтарға бөлінген. Оның ішінде 13-і «қызыл», 6-ы «сары», 4-і «жасыл» аймақта тұр.

Қыста шамамен 205 мың бас төрт түлік қолда бағылады деп жоспарланған. Оған 184 мың тонна шөп қажет. Бүгінге дейін ауданға 2 мың 300 тоннасы ғана жеткізілді. Аудандағы шабындықтардан 36 мың тоннадай шөп дайындалады. Қалған 146 мың тоннасын сырттан тасымалдау жоспарланып отыр.

“Қуаңшылықтың зардабын жою үшін бір ғана Арал ауданына шамамен 2 млрд теңге қажет. “Қызыл” аймаққа енген 13 округте су шығуы мүмкін 15 жерден бұрғылау жұмысын жүргіземіз. Шабындық жерді ұлғайту мақсатында арық қазып, бітелгенін аршып, күні бұрын қам жасаймыз. Бұдан бөлек осынау жұмысты дер мезгілінде атқаратын тиісті техниканың уақытында жеткені маңызды”, – деді аудан басшысы.

Серімағанбетовтың айтуынша төтенше жағдайды дәл бүгін енгізу Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың отставкаға кетуімен байланысты емес.

“Қазақстан аумағында қуаншылық салдарынан бұрын-соңды төтенше жағдай енгізілген емес. Осы жолғы ТЖ ел тарихындағы осындай алғашқы оқиға”, – дейді ол.

Айта кетелік, сарапшылар Сапархан Омаровтан төтенше жағдайды ерте бастан енгізуді сұраған болатын.

Министрдің  малшылар мұңына көңіл бөлмегенін сынға алған президент Омаровты отставкаға жіберген еді.

“Әрине, қуаңшылық – табиғи құбылыс, оны жақсы түсінемін. Мұндай қиын жағдайда жауапты министрлік тез арада жедел және шешімді түрде әрекет етуі керек еді. Бірақ министрлік бұл шаруаны атқара алмады. Сондықтан осы салаға жауапты адам – министр Сапархан Омаров отставкаға кетуі керек», – деді Тоқаев Үкімет жиынындағы сөзінде.

Арада бір сағат өтер-өтпес Ақорда баспасөз қызметі Тоқаевтың жарлығымен ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров отставкаға кеткені жөнінде ресми ақпарат таратты. Омаров министр лауазымына 2019 жылғы ақпан айында тағайындалған еді.