Қазақстанның бас мүфтиі Құрбан айт қарсаңында үндеу жасады

Dalanews 13 шіл. 2021 07:36 200

Қасиетті Құрбан айт мерекесі қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерге Үндеу жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Пандемия кезінде құрбан шалып, құлшылық жасау оңай болмасы анық. Десек те өткен жылдан бері Қазақстан діни басқармасы қарапайым халықтың санитарлық талаптарды сақтай отырып, құрбан шалудың қауіпсіз жол ұсынып, бұл бағытта біршама іс-тәжірибе жинағаны белгілі. Өз кезегінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Құрбан айтта орындалатын негізгі ізгі амалдың бірі – құрбан шалу екенін атап өтті. Үш күн мереке кезінде жамағат  Құрбан шалу үшін мал сатып алу үшін базарларды аралап сабылуы мүмкін. Мынадай қиын кезеңде адамдардың көп жиналуына рұқсат жоқ екенін ескерсек, құрбан шалу кезінде бірқатар қиындықтардың туындайтыны белгілі. Осы қиындықтарды еңсеру үшін Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы өткен жылдан бері Құрбан айт мерекесін атап өтудің өзіндік алгоритмін қалыптастырды десек болады.

– Қазақстандағы шаруа қожалықтарының қожайындарын ұлық мейрам – Құрбан айттың құрметіне мал құнын шарықтатпай, халыққа оңтайлы бағаны ұсынуға шақырамын. Сонымен қатар, барша кәсіпкерді тұрғындар күнде тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Мүфтидің сөзі орында біздегі шаруалар дәл Құрбан айт қарсаңында малдың бағасын өсіріп жеберетіні жасырын емес. Бұл ретте жергілікті жердегі имамдардың қасиетті мереке кезінде қой бағасын қымбаттатпауға қатысты үгіт-насихат жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Құрбан айт жалпы мұсылмандар мейірімділікке, жомарттыққа, қайырымдылыққа, қанағатшылыққа үндейтін мереке десек болады

Жаратушы Иеміз Құранда: «Өздерің жақсы көрген нәрсені Алла жолына жұмсамайынша игілікке жетпейсіңдер” (“Әл-Имран” сүресі, 92-аят) деп баяндаған. Сауаптар еселеніп жазылатын сәттерде Алла разылығы үшін елдің жағдайын ескеріп, мал  бағасына жеңілдік жасаудың маңызы зор. Құрбан айт кезінде ел азаматтары тек қана қой сатып алып, оның етін таратпайды. Сонымен қатар мерекелік дастарханды жайып, бір-бірінің үйіне айтшылайтынын ескерсек, базарда азық-түлік саудалап тұрған азаматтардың да бұл саудалап тұрған заттарының бағасын шамадан тыс өсірмей, халықтың қалтасы көтеретіндей деңгейде ұстап тұруы керек-ақ. Өйткен қазіргі таңда Құрбан айт әр отбасыға қуаныш пен мерекелік көңіл күй сыйлайтын отбасылық мерекеге айналып келеді. Өз кезегінде Бас мүфти осы мәселені де баса айтып, ел азаматтарың бір-біріне қайырымды болуға шақырды.

Өз Үндеуінде хазірет қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлердегі шаруаларға қолдау көрсету үшін «Қиындықта ел бірге» атты қайырымдылық акциясын бастағанын мәлімдеді. Акция аясында Қызылорда, Маңғыстау облыстарына жем-шөп жөнелтіледі.

Бас мүфти қазақстандықтарды осы игі іске үлес қосуға шақырды.

Биыл барша мұсылманның ұлық мерекесі – Құрбан айт 20-22 шілдеге түсіп тұр. Құрбан айттың бірінші күні 20 шілде – демалыс.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x