Cоңғы жаңалықтар
Back

Мәминге тапсырма! Pfizer вакцинасын Қазақстанға әкелу керек – Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға Pfizer вакцинасын қолжетімді етуді тапсырды. Pfizer-дің 2 млн дозасы мамыр айында елге келу керек болғанын да атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz Stan.kz – ке сілтеп.

“Айналымға өзіміз дайындаған QazVac препаратымен бірге бірнеше вакцина түсті. Елдердің көбінде мұндай мүмкіндік әлі жоқ. Бірақ қолжетімді вакциналардың жиынтығын, соның ішінде халықаралық деңгейде мойындалған вакциналарды кеңейту қажет. Бұл жерде жаңа штамдардың пайда болғанын, сондай-ақ, препараттардың баға және сапалық өлшемдерін ескеру қажет”, – деді президент үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Мемлекет басшысы бұл туралы былтыр тапсырма бергенін еске салып, сол тапсырманың орындалуын кешіктірген адамдарға шара қолдануды тапсырды.

“Былтыр мен тиісті тапсырмалар берген болатынмын. Дегенмен Pfizer вакцинасын белгіленген компанияларға жеткізу орта жолдан үзілді.

Анықтама ретінде мынаны айта аламын. Келісім бойынша Қазақстанға биыл мамыр айында Pfizer-дің 2 млн дозасы жетуі керек болған.

Үкімет препаратты жеткізудің үзілуін Pfizer компаниясының шарттарымен байланыстырып отыр. Бірақ бұл шарттар вакцина сатып алатын бүкіл елдер үшін стандартты болып есептеледі”, – деген Қасым-Жомарт Тоқаев бұл іс аяғына дейін жету үшін арнайы жарлыққа қол қоюға дайын екенін атады.

“Жуықта бүкіл әрекеттер алгортимі көрсетілген тағы бір жаңа ұсыныс келіп түсті. Мемлекет басшысы, президент тиісті жарлыққа қол қоюы керек деп отыр. Қажет болса, мен солай істеуге дайынмын. Үкімет пен Президент әкімшілігіне қалыптасқан жағдайды анықтап, аталмыш қажетті препараттың жеткізілуін кешіктірген лауазымды тұлғаларға қатысты шара қолдануды тапсырамын. Біз азаматтарға қатысты ұсыныстарымызды әртараптандыруымыз керек. Бәлкім кейбір азаматтар дәл осы вакцинаны қабылдағысы келетін шығар. Сондықтан мұндай азаматтарға мүмкіндік беріңіздер. Проблеманы қысқа мерзімде шешіп, Pfizer вакцинасын қазақстандықтарға қолжетімді ету керек”, – деді мемлекет басшысы.