Еліміз бойынша мал азығын дайындауды реттейтін жедел штаб құрылды

Dalanews 08 шіл. 2021 13:10 177

Мал азығын дайындау жұмысын үйлестіру үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанынан республикалық жедел штаб құрылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Биыл ауа райының қолайсыздығына байланысты Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және ішінара Алматы облыстарында малды азықпен қамтамасыз ету жағдайы қиындады.

Құрғақшылық салдарынан мал өлімі Маңғыстау облысында және Қызылорда облысының Арал ауданында тіркелгені белгілі.

Маңғыстау облысы бойынша – 1 147 ауыл шаруашылығы жануары немесе облыстың жалпы мал басының 0,13%, Қызылорда облысы бойынша – 492 немесе облыстың ауыл шаруашылығы жануарының жалпы мал басының 0,03% өлді.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан жем-шөп дайындау мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдардың іс-қимылын үйлестіру үшін республикалық жедел штаб құрылды. Штаб отырысы үнемі өткізіліп тұрады. Облыс әкімдіктерінің жанынанда азық дайындау мәселелерін тұрақты түрде мониторингілеу және жедел шешу үшін жедел штабтар құрылды.

Барлық облыста алдағы қысқа арналған ауыл шаруашылығы малына жем дайындау жоспары анықталды. Құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлердің фермерлері үшін мал жаюға жайылымдарды беру және шөп шабуды ұйымдастыру бойынша өңіраралық өзара іс-қимыл ұйымдастырылуда.

Шөп шабу үшін пайдаланылмайтын және жайылмалы шалғындарды бөлу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Халыққа орман шаруашылығы аумақтарында және табиғи резерваттарда шөп дайындау мүмкіндігі беріледі.

Ауыл тұрғындарына егін жинау жұмысынан кейін алқаптардан сабан жинау мүмкіндігі беріледі. Облыс әкімдіктерінің жедел деректеріне сәйкес, 7 шілдедегі жағдай бойынша өңірлерде 6,5 млн тонна шөп дайындалған. Маңғыстау облысына 13 мың түп және 92 орам шөп әкелінді, апта сайын 5 вагон кебек жеткізілуде.

Көршілес облыстар аумағында шөп шабу ұйымдастырылды. Басқа өңірлерге уақытша 6 470 бас мал тасымалданды. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы 637 тонна арзандатылған арпа жеткізді.

Азық дайындау үшін ҚР Үкіметінің резервінен 1,9 млрд теңге бөлінеді. Арал ауданына 1 мың тоннадан астам шөп және 40 тонна құнарлы жем жеткізілді. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы 600 тонна арпа жеткізеді. 12 шабындық бригада құрылып, жем-шөп тасуға 127 автомашина жұмылдырылды.

Көршілес Ақтөбе облысынан ірі жемшөп жеткізілді. Мал азығын дайындау және қамтамасыз ету мәселелері ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдіктерінің тұрақты бақылауында.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x