Алматыда Астана күніне орай Терренкур ашылды

Dalanews 06 шіл. 2021 11:48 316

Алматы қаласында тұрғындарға ыңғайлы болу үшін жаяу жүргіншілер жолы қалпына келтіріліп, 150 ағаш пен 5 мыңға жуық бұта отырғызылды, навигация, орындық, спорт және балалар алаңы орнатылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен 2020 жылы Кіші Алматының кейбір учаскелерін қайта құру жұмыстары басталған еді. Барлық жұмыстар ұзындығы 8,9 шақырым учаскеде жүргізілді. Су бөлгіштен Достық даңғылына дейін, гидротехникалық құрылысты қоса алғанда Мақатаев көшесіне дейін жөнделді.

Терренкурда қолдан жасалған көпірлер бөлшектеліп, жаяу жүргіншілер жолы салынды. Габион құрылымы жөнделді. Олар арнаның жекелеген учаскелерінде судың кедергісіз өтуін қамтамасыз ететін заманауи учаскелерге ауыстырылды.

Сонымен қатар жол бойына орындықтар, күн төсеніштері мен гүлзарлар орнатылды. Сондай-ақ, әл-Фараби даңғылының астындағы туннель абаттандырылып, Сәтпаев көшесінен төмен гидротехникалық құрылыстың жанындағы учаске қалпына келтірілді. Ал Оқушылар сарайы ғимаратының артына бақылау алаңы орнатылды. Барлық орындар ағаштан жасалынды.

Терренкурда 5 мыңға жуық бұта отырғызылып,  жасыл қор қалпына келді. Олар беткейлерді нығайтады әрі жағалаулардың құлауына жол бермейді.

Медеу ауданы Самал-1 ықшамауданының тұрғыны Ұлжан Хаттанова аталған жердегі серуендеу аймағын абаттандырғаны үшін қала әкімдігіне алғысын білдірді.

– Маған Терренкур ауданы өте ұнайды. Біз мұнда қыздар, балалармен жиі келеміз. Жөндеу жұмыстары сапалы. Бұл біздің қала үшін үлкен жетістік. Бұл жерде жазда демалған жақсы. Осындай демалыс аймағын жасағаны үшін тағы да алғысымды білдіремін, –  деді Ұ. Хаттанова.

Қала тұрғындарының ұсынысы бойынша автотұрақтың орнына спорт пен балалар алаңы салынып, санитарлық тораптар орнатылды.

Барлық шешім жергілікті тұрғындар мен қоғам қайраткерлерімен талқыланды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x