"Елде төтенше жағдай жариялау керек". Танымал саясаткер дабыл қақты

Dalanews 03 шіл. 2021 09:57 316




Саясаткер Мұхтар Тайжан биылғы қуаңшылыққа байланысты Үкімет жедел түрде төтенше жағдай жариялауы керектігін айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Алматы облысына қарасты Кеген ауылына арнайы барған саясаткер өзінің айтуынша “өте қорқынышты” жағдайға куә болған.

“Ауылдағы ахуал ауыр, апаттың алдында тұр. Жайылым жоқ жер жоқтың қасы, бұған биылғы жылғы қуаңшылық қабаттасып, ауылдағы ағайынның апай-топайын шығарған жайы бар”, – дейді ол.

Кегендегі жағдайды көзбен көрген Мұхтар Тайжан Маңғыстау мен Қызылорда облысындағы ірі қара мен ұсақ малдың аштықтан қырылуы жаппай ел көлемінде орын алуы мүмкін дейді. Соның салдарынан ауылдағы жұрттың әлеуметтік жағдайы күрт төмендеп, ал азық-түліктің бағасы аспандап кетеді.

“Ертеңгі күні еттің бағасы шарықтап шыға келсе, мұның әсерін күллі Қазақстан халқы сезінеді. Дәл біз аса күрделі, өте қауіпті жағдайдың алдында тұрмыз.

Үкімет халықтың сөзіне құлақ асып, елде төтенше жағдай жариялауы керек! Аштықтан аман қалған төрт түлікті жем-шөппен қамтамасыз ету мақсатында мемлекет деңгейінде арнайы Штаб құрылуы қажет! 

Қуаңшылық ауылдағы халықты алқымнан алып, жем-шөптің тапшылығы шаруаларды қысып барады. Малмен күн көріп отырған елдің төзімі таусылуға тақау. Бұл нағыз төтенше жағдай. Қалалық жердегі қауым мұны әлі сезіне қойған жоқ. Алайда қазірден бастап қам жасамақ, мұның зардаптарын ертеңгі күні мұны қала тұрғындары да айқын сезінетін болады”, – дейді Тайжан.

Саясаткердің пікірінше, осы күнге дейін банкирлерге, құрылыс компанияларына қол ұшын созып, сұраусыз миллиардтарды үсті-үстіне аударып келген Үкімет дәл осы шақта ауыл тұрғындарын құтқаруы қажет.


Айта кетелік, бұдан бұрын Маңғыстау облысының тұрғындары облыс көлемінде төтенше жағдай жариялау керек деп дабыл қаққан еді. Аймақта қуаңшылықтан шөп шықпай қалған. Құдықтағы жерасты суы да тартыла бастаған.

Жыл басынан бері өңірде 1400-ге жуық жылқы, қой, түйе қырылды. Жем-шөп  бағасы да шарықтап кеткен.

Қазір бір қап кебектің бағасы – 2000 теңге, бір бау шөптің құны 16 000 теңгеге өскен. Сондықтан шаруалар мал азығын алуға мемлекет тарапынан көмек керек дейді. Ал әкімдік мәселені шешуге қаржы бөлінді деп отыр.



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x