IT саласын меңгергісі келетін, әрі өз мүмкіндігін паш етуге тырысатын мүгедек жастарға қол ұшын созудан тайынбай келе жатқан Захира Бегалиева дарынды балалардың басын қосқан іс-шараны биыл да ұйымдастырды.
Алматының "Тау Тұран" сауықтыру аймағында ұйымдастырылған сауапты іске "Шеврон" компаниясы қолдау көрсеткенін айта кетуіміз керек.
Шараға қатысу үшін еліміздің түкпір-түкпірінде іріктеу сайыстары өткізіліп, ITeachMe командасы Түркістан, Өскемен, Семей, Кентау, Тараз, Талдықорған және т. б. 10-нан астам қаланы аралады.
Оффлайн іріктеу турларына 300-ден астам қатысушы қатысты, сондай-ақ 400-ден астам онлайн-өтінім алынды, бірақ тек ең мықтылары, өз өмірін жақсы жаққа өзгертуге ұмтылысын дәлелдегендер іріктеу турларынан өтіп, ITeachMe студенттері атанды.
Қазіргі таңда бірегей орталыққа айналған "ITeachme" осынау жобаны соңғы бірнеше жыл бойына үзбей өткізіп келеді.
– Мүгедек азаматтарды қолдауда әлі де олқылық көп. Біз осы кемшіліктің орнын толтырғымыз келді. "Шеврон" компаниясының қолдауымен орталықтың тұсауын кесіп, осы бағытта атқарылар жұмысты алдын-ала жоспарлап алдық. Орталықты ашудан бұрын мынадай мәселеге назар аудардық. Біріншіден, «Мүгедектік» статусы бар адамдар көбіне «Мүгедек адам не істей алады?», «Менен басқаның бәрі кінәлі», «Үкімет бізге көмектесуге тиіс» деген позицияны ұстанады.
Екіншіден, мемлекет мүгедектігі бар адамға қамқор бола алады. Үшіншіден, мемлекеттік бағдарламалардың және үкіметтік емес ұйымдар бастамаларының тиімділігі төмен екені байқалады.
Төртіншіден, мүгедектігі бар адамдарда «қарауында болу» позициясы бар. Осы аталған төрт мәселені негізге алып, «ITeachme» компетенциялар дамыту орталығы» қоғамдық қорын құрдық. Орталық оқыту, жұмысқа орналастыру, сүйемелдеу бағытында жұмыс атқарады, – деді осы орайда Захира Бегалиева.
Арбаға таңылған жастарға өз жобаларын жүзеге асыруға жәрдемдесетін орталықтың биылғы басқосуы мотивация тақырыбына арналды.
Жастарға арнап қызықты да тұщымды тренинг өткізген спикерлер өзінің жетістікке жету жолындағы құпиясымен бөлісті. Мүгедектік адамның мақсатына жетуге кедергі келтірмейтінін, барлығы адамның ынты-ықыласына, өмірге деген құштарлығына байланысты боларын тілге тиек етті.
Шараға шақырту алған жастармен сыр бөліскен белгілі журналист Сергей Сочнев адам қарым-қабілеті мен еңбектене білудегі байланысты сөз етсе, Dalanews.kz сайтының бас редакторы Думан Бықай кәсіп бастаудың қыр-сырымен бөлісті. Жастар өз тарапынан спикерлерге сауал қоюға мүмкіндік алып, өздерін қызықтырған тақырыпқа қатысты толымды жауап алды.
"Қазіргі жастарға қандай қабілет қажет? Олар қандай дағдыны меңгеруі тиіс? Өмірден өз орныңды табуы үшін сүйікті мамандығың қаншалықты сұранысты боларын сараптау керексің. Осы орайда мүгедектігі бар алайда дарыны асып-тасып тұрған, өзін-өзін танытқысы келетін жастарға ITeachMe-дің әрқашан есігі ашық", – дейді орталық өкілдері.
Орталық директоры Захира Бегалиеваның бастамасымен құрылған бұл жобаның өмірге құштар азаматтарға берері мол. Мүгедектігі бар адамдарды оқыту және оларды әлеуметтік ортаға бейімдеу болып табылатын орталықтың бүгінгі таңда атқарып жатқан жұмысы ерен.
Биылғы ITeachMe-жастар лагері барлық сақтық шараларын қамтамасыз етіп, оффлайн форматта өтті. Мүмкіндігі шектеулі жастардың өрісін ашатын шара жаз бойына жалғасады.