Жетісулық велшабандоз Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай 3000 шақырым жолды жүріп өтті

Dalanews 11 мау. 2021 13:02 168

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік ұрпақтары» жалпыұлттық жобасы аясында Жетісу өңірінің тумасы Алмат Балтабековтің Нұр-Сұлтан қаласынан Талдықорған қаласына дейінгі вело-сапары аяқталды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ол 3 мың шақырымды 34 күнде жүріп өткен. Кеше кешкілік спортшыны туыстары, жерлестері, спорттағы әріптестері қуанышпен қарсы алды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алмат Балтабеков Нұр-Сұлтан қаласынан бастап, Қорғалжын, Ұлытау, Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Жетісай, Тараз, Алматы, Талдықорған қалалары мен елді мекендері арқылы 3000 шақырымды 34 күнде жүріп өткен.

Алмат Балтабековтің айтуынша, ол бұрын жол тосып саяхаттаумен әуестенген. Кейін ішкі туризмді дамытуға және спортты насихаттауға бағытталған осындай патриоттық велотурғы шығу туралы ой келген.

– Еліміздің өңірлерін аралаған кезде жергілікті тұрғындармен араласуға, табиғат тамашаларын көріп үлгеруге тырыстым. Ел тәуелсіздігінің отыз жылындағы жетістіктеріне куә болдым. Алған әсеріммен "Инстаграм" парақшасында бөлісіп отырдым. Мені халқымыздың қонақжайлығы тәнті етті. Қай жерге барсам да, бейтаныс адамдар мені құрметті қонағындай қарсы алды, – деді А.Балтабеков. Астаналық жастардың атынан Алматы облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың жастарына символикалық статуэтканы сыйға тартып, көрсеткен қолдауы үшін басқармаға ризашылығын жеткізді.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының мәліметінше, сапардың негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, ішкі туризм мен спортты дамыту. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында осындай патриоттық акцияларды қолдау ұрпақ тәрбиесіне қосылған сүбелі үлес болмақ.

Атап өтсек, Алмат Балтабеков І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетін «Психология» мамандығы бойынша аяқтаған. Талдықорған қаласындағы Жастарға қызмет көрсету орталығында студенттік тәжірибеден өткен. Қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы Психикалық денсаулық орталығында жұмыс істейді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x