Cоңғы жаңалықтар
Back

Дүниежүзілік банк Алматы облысына инвестиция салуға әзір

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Жан-Франсуа Мартонды қабылдады. Екіжақты кездесу барысында Алматы облысы мен Дүниежүзілік банктің ынтымақтастық мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ресми делегацияны жылы қарсы алған Амандық Баталов өңір экономикасының негізгі бағыттары туралы қысқаша баяндады.

– Елімізде трансұлттық компанияның қатысуымен 16 жоба іске асырылып жатса, соның 9-ы – біздің Алматы облысында. Өңір агроөнеркәсіптік салада, қант қызылшасы, соя, жүгері өсіруде көшбасшы саналады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде іргелі жобалар бар. Баламалы энергетикада да жемісті жұмыстар жасалып жатыр. Біз сіздермен осы салаларда, сол сияқты туризм, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, соның ішінде газдандыру, көшені жарықтандыру, кәріз жүйелерін жаңғырту, сонымен бірге ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру бағыттарында ынтымақтастық орнатуға пейілміз. Талдықорғанда ЖЭО салу жоспарда бар. Бұл да – маңызды әрі қажетті жоба. Алда нақты бағытымызды бірлесіп анықтап, жемісті еңбек етуге сіздердің де, біздің де тәжірибеміз жетеді деп ойлаймын, – деді Амандық Баталов.

Өз кезегінде  Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Жан-Франсуа Мартон жетісулықтардың жылы қабылдауына ризашылығын білдіріп, Дүниежүзілік банктің жұмыс ерекшелігіне, банктің қолдауымен Алматы облысында жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталды.  Солардың арасында «Алматы – Қорғас» жолының инфрақұрылымдық жобасы, 2 мектеп пен балабақшаны қамтитын энергия тиімділігін арттыру жобасы, сол сияқты жастарды қоғамдық өмірге тартуға, олардың өмірлік машықтарын дамытуға бағытталған жастар корпусының жобасы бар.

Ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында Жан-Франсуа Мартон білім беру, цифрландыру, жол инфрақұрылымы, ирригация, әлеуметтік салаларда, әсіресе, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жобаларды қаржыландыруға дайын екендіктерін айтты.

– Біз облыс аумағында ынтымақтасуға қызығушылық білдіріп отырмыз. Бұған дейін біз ел Үкіметі арқылы ғана жұмыс істедік. Енді облыс басшылықтарымен тікелей жұмыс істеу үшін бірқатар құжаттарға өзгерістер енгізіп жатырмыз. Бұл бағытта Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп жұмыс істеуге ниет білдіріп отырмыз, – деді Жан-Франсуа Мартон.

Кездесу барысында Халықаралық қаржы корпорациясының Қазақстандағы кеңсесінің басшысы Екатерина Бенджамин де әріптестік байланыстарын жандандыруға ықылас білдірді:

– Біз облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ететін ұзақ мерзімдік жобаларды, соның ішінде қалдықтарды жою және ирригация бағыттарындағы жобаларды бірге атқаруға дайынбыз, – деп атап өтті ол.

Амандық Баталов әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыруға ықпал ететін екі жақты әріптестік байланыстардың маңыздылығын атап өтті.

– Біздің ынтымақтастығымызға одан әрі серпін беретін бүгінгі кездесуге келгендеріңізге қуаныштымын. Бұл жүздесудің нақты жемісі көп күттірмейді деп ойлаймын, – деді сөзінің қорытындысында облыс әкімі.

Атап өтсек, Алматы облысының 2021-2030 жылдарға арналған инвестициялық қоржынында жалпы құны 5,5 млрд теңге болатын, 45 мың жұмыс орнын құратын 592 жоба бар. Соның ішінде құны 112,8 млрд. теңгелік, 3500 жұмыс орнын құратын 66 жоба биылғы жылы іске асырылады, 41 жоба – АӨК саласында, 11 – өңдеу өнеркәсібінде, 4 – ЖЭК және басқа да салаларда іске асырылады.

Тағы оқыңыз:

Үшарал әуежайының үлкен әуе кемелерін қабылдайтын жолағы сынақтан сәтті өтті