Cоңғы жаңалықтар
Back

Елордада биыл 10 мыңға жуық әлеуметтік пәтер беріледі – қала әкімі

Елорда әкімі Алтай Көлгінов «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында қаладағы тұрғын үй құрылысының қарқыны, сондай-ақ жеңілдікті тұрғын үйлердің көбеюі туралы айтып берді.

Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын үй кезегінде 48 мыңнан астам адам тұр. Былтыр шаһарымызда 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Оның 80% – жеке инвестиция. Биыл бұл көрсеткіш 3,2 млн-ға дейін өсу керек.

«Мемлекет басшысының қолжетімді тұрғын үй санын, құрылыс көлемін үш есеге арттыру туралы тапсырмасы болды. Өткен жылы біз бұл үдеден шыға білдік. Мысалы, жеңілдікпен берілетін пәтер алушылар санатын кеңейттік. Енді әлеуметтік пәтерлерге тек медицина қызметкерлері мен мұғалімдер ғана емес, әлеуметтік саланың басқа да өкілдері, өрт сөндірушілер, мәдениет және спорт қызметкерлері, полиция қызметкерлері де қатыса алады.

Ал тұрғын үй сертификаттарының сомасын 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін арттырдық. Жастарға келетін болсақ, елордада «жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы екі жылдан бері жалғасып келеді. Бұған дейін мыңға жуық жас отбасы пәтер кілтіне ие болса, биыл тағы 300 жас отбасыға пәтер табыстау жоспарланып отыр», – дейді әкім.

Баспана мәселесі қоғамдағы өткір мәселенің бірі болғандықтан, мемлекет тарапынан жылдан жылға жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, Нұр-Сұлтанда 2019 жылы 2900 әлеуметтік пәтер берілсе, 2020 жылы 7 мыңнан аса пәтер табыс етілді. Ал биыл бұл көрсеткішті 10 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ілгерілеу бар.

Қала әкімдігі әлеуметтік нысандардың «қадамдық қолжетімдігін» қамтамасыз етуді басты мақсат етіп қойған болатын. Алтай Көлгіновтің айтуынша жаңа тұрғын үй кешені салынып беріле салмай, бірінші қабаттарында «үй маңындағы дәрігер» медициналық мекемелерін ашу да жүргізіліп келеді. Олардың қатарында оңалту орталықтары, балабақшалар, медициналық көмек көрсету пунктері, полицияның тірек пункті және тағы басқа әлеуметтік нысандар бар.

Тағы оқыңыз:

Алтай Көлгінов оқушыларға қосымша білім берудің маңызына тоқталды

 

English EN Қазақ тілі KK Русский RU