«ECOJER» қауымдастығы Қазақстанда тұңғыш рет ғаламдық масштабта экологиялық конгресс өткізеді

Dalanews 21 мам. 2021 13:46 143

3 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласында Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында «ECOJER» қауымдастығы ҚР Экология, Геология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Болашақтың бағдары  тұрақтылық!» атты «ECOJER» Халықаралық конгресін өткізеді.

«ECOJER» Ассоциациясының атқарушы директоры Қуаныш Балтабаев «Конгрестің мақсаты – экология, тұрақты даму, «жасыл» инвестициялар үлесін арттыру, экологиялық мәдениет пен қоғамның хабардарлығын арттыру мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу үшін барлық мүдделі тараптардың күш-жігерін біріктіру және тәжірибе алмасу» деп ойын ортаға салды.

Іс-шараға министрліктердің өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшылары, эко-белсенділер, халықаралық даму институттарының өкілдері және басқалар қатысады.

– Экология министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылғалы отырған бұл шараға  бизнес, эко-қауымдастық белсенділерінен бөлек, әлемнің климаттық елшілері қатысады (Климаттық елші саяси қызмет). Аталған Конресске Ұлыбритания, Нидерландия, Франция мемлекеттерінің климаттық елшілері шақырылды.

Соңғы кездері адамзаттың антропогенді әсері қоршаған ортаға орасан зор зиянын тигізіп отыр. Конгресстің бір ерекшелігі, экологиялық проблемаларға әйелдер арқылы мемлекет назарын аударту. Оның үстіне, әлемдік статистикалық зерттеулер әйелдерді қазіргі таңда экологиялық проблемалардың көбірек алаңдататынын зерттеген. БҰҰ сынды халықаралық ұйымдардан бастап, Еуропа комиссиясы, Еуропа даму банкі бүгінгі таңда гендерлік теңдікке жіті көңіл бөлуде.

Конгресстің бірінші сессиясын «Экологиядағы әйелдер мен тұрақты бастамалар» деп алдық. Мен сізге, бір ғана мысал айтайын. Мәселен, соңғы жылдары Қазақстанның көптеген аймақтары шөлейттеніп, эрозияға ұшырауда. Салдарынан ауыл шаруашылығы саласында проблемалар туындауда және бұл саладағы жұмыстарға көп жағдайда әйелдер тартылады екен. Әйелдердің репродуктивті денсаулығы экологияға, жұмыс орындағы жағдайға байланысты екенін ескеріп, экологиялық проблемаларға мемлекет назарын аудартқымыз келеді. Себебі әйел саулығы – ұлт саулығы. Осы сессиядан кейін біз мүмкіндігінше аталған мәселелерді шешетін дұрыс саясат қабылдаймыз деп сенемін, – деді «ECOJER» Ассоциациясының атқарушы директоры Қуаныш Балтабаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әйелдердің қоғамдағы рөлін кеңейте түсу – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі» деген еді. Осыған орай Конгресстің спикері – «KazEnergy» адам капиталын дамыту Ассоциациясының атқарушы директоры Ләззат Ахмурзинандан  экологиядағы әйелдер рөлінің маңыздылығы туралы пікір сұраған едік.

– Бүгінгі таңда, мемлекет, әйелдің репродуктивті денсаулығына байланысты кейбір зиянды және қауіпті өндіріс салаларында «тыйым салынған мамандық» деген терминді «шектеулі мамандық» атауымен алмастырды.

Осыған байланысты, өндіріс орындарында жұмыс істейтін әйелдердің мүмкіндіктері артты және олардың еңбекақысы жоғары болуы мүмкін. Әрине, бір жағынан әйелдердің мұндай денсаулығына зиян, әрі, қауіп төндіретін орындарда жұмыс жасамағаны абзал.

Екіншіден, қазіргі жұмыс орындары автоматтандыру және цифрландыру  технологияларымен қамтамасыз етіліп жатыр. Дегенмен, әр жұмыс орындарындағы технологиялардың дамуы әр түрлі болғандықтан, денсаулыққа қауіп төндіретін жұмыс орындарын таңдау әр әйелдің өз қалауы болғаны дұрыс. Осыған байланысты мемлекет, әйелдерге өндірістік кәсіпорындарында жұмыс жасау қандай кәсіби аурулар тудыратынын айқындауы қажет, – деді Ләззат Ахмурзина.

«Әйелдердің экологияға деген жанашырлығының басым болуының өзі табиғи инстикті» деген спикеріміз мемлекет экология саясатына әйелдердің белсенді араласуына барлық мүмкіндіктерді қарастыруы тиіс деп санайды.

«Өзі өмір сүріп отырған ортаның тазалығы, жеген тамағының табиғи құндылығы, киген киімінің сапасы, баласына арналған қоспа тағамдардың құрамында химикаттың бар - жоғы, күнделікті тұтынатын азық-түлік, жеміс-жидек құрамындағы бояғыштар, жасанды өсіру дәрілері бар-жоғы сынды мәселелер әйел назарында.  Сол себепті әлемдегі және жергілікті экологиялық мәселелер әйелдерді ерлермен салыстырғанда көбірек алаңдатып отыр. Сондықтан экологиялық саясатқа әйелдердің араласуын мемлекет назарға алуы тиіс» деді ол.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x