Алакөл – отандық туризмнің алтын алқасы

Dalanews 14 мам. 2021 06:00 206

Жадыраған жаз мезгілі нағыз демалатын уақыт. Қаланың қым – қуыт тірлігінен шаршаған жұрт бір сәт тыныштық іздеп, таза ауада тыныстағысы келеді. Шілденің шіліңгірінен пана тапқысы келетіндер өзен мен көлдерді және су қоймаларын аңсайтыны анық. Бірі шетел асса, енді бірі отандық туризмнің дамуына өз үлестерін қосуда. Осыған орай, бүгін отандық туризмнің ошағына айналған Айдынды Алакөл ауданының «Үшарал» әуежайында 80 орындық «QAZAQ AIR» әуе компаниясының «Bombardier DASH 8 Q400» жолаушылар ұшағы «Нұр – Сұлтан – Үшарал – Нұр – Сұлтан» бағыты бойынша алғашқы рейсін жасады.

Алғашқы жолаушыларды «Жетісу» әуе компаниясының президенті Қалмұхамет Донсебаев қарсы алды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Үшарал қаласының әуежайы әуе кемелерін қабылдауға және шығаруға толық дайын.



«Біз азаматтардың қауіпсіз және жайлы ұшуы үшін барлық қолайлы жағдайды жасаймыз. Мамандарымыз өз біліктіліктерін арттыру мақсатында арнайы оқу оқып, тиісті сертификаттарын алып, халыққа қызмет көрсетуде. Сондай – ақ, қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты әуежайда санитарлық нормалар қатаң сақталуда» - деді, авиакомпания басшысы.

Бүгінде, Алакөлдің туристік әлеуеті артып келеді. Оған дәлел, бүгінгі қатынас бойынша Алматыдан 18 адам ұшып келсе, өз кезегінде кері жаққа 29 жолаушы ұшып барады. Ал, Нұр – Сұлтаннан бірінші рейспен 16 адам ұшып келсе, кері бағытқа 9 жолаушы әуе кемесімен ұшты.



Айта кетерлігі, туристік маусым қарсаңында «Алматы – Үшарал – Алматы» (күн сайын), «Нұр – Сұлтан – Үшарал – Нұр – Сұлтан» (аптасына төрт рет) және «Талдықорған – Үшарал – Талдықорған» (күн сайын) бағыттары бойынша рейстер жұмыс істей бастады.

1 маусымнан бастап «Нұр – Сұлтан – Үшарал – Нұр – Сұлтан» бағыты бойынша рейстер күн сайын жүзеге асырылатын болады.

Сонымен қатар, республикалық және облыстық бюджеттен бөлінетін субсидиялардың арқасында әуе рейсінің билет бағасы қолжетімді. Мысалы, «Нұр – Сұлтан – Үшарал – Нұр – Сұлтан» бағыты бойынша – 16 мың теңге (әуежай қосатын 1700 теңге пайызымен – 17 700 теңгені), «Алматы – Үшарал – Алматы» бағыты бойынша – 15 мың теңгені, «Талдықорған – Үшарал – Талдықорған» бағыты бойынша – 8 мың теңгені құрайды.



Мұндағы ұшақтар жоғары қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз етеді. Олар: «Bombardier CRJ200», «Bombardier DASH 8 Q400», LET L – 410 әуе кемелері.

Жалпы, «Үшарал» әуежайы – Алматы облысында туризмді дамытуға арналған инфрақұрылымның басты объектілерінің бірі. Сондықтан мұнда жолаушылар үшін барлық жағдай жасалған.

Көлдің шипалы суымен емделіп, уақытты тиімді пайдаланып, отандық туризімнің дамуына бірге үлес қосайық.

Қасиет АРСТАН,
Алакөл ауданы әкімінің
баспасөз-хатшысы


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x