Татымды тарту

Dalanews 30 сәу. 2021 04:45 202

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында бокстан ересектер арасында өткен халықаралық турнирде Текелі қалалық олимпиадалық резервтегі балалалар мен жасөпірімдер спорт мектебінің шәкірті, кәсіптік колледждің студенті Дарын Құлжабаев алтын медаль иеленді.

Талантты жас боксшыны, оның жаттықтырушылары Нұрлан Тәжібаев пен Сұлтан Туғанбековты қалалық бокс және футбол федерациясының президенті, спорт жанашыры Ертай Дүйсебаев құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Жігерін қайрап, шашбауын көтерді. Ағалық ризашылығын білдіріп, сый-сыйяпат көрсетті. Ардагер спортшы, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Тұрарбек Омаров қала спортының дамуына үлес қосып, қаламыздың атын әйгілеп жүрген жас боксшыдан үлкен үміт күтетінін айтып, алдағы қадамдарына сәттілік, жемісті жетістіктер тіледі.

Атақты боксшы, КСРО-ға еңбегі сіңген спорт шебері Әбдісалам Нұрмахановтың атында жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан турнир биыл Тәуелсіздіктің 30 жылымен тұспа-тұс келді. 14-17 сәуірде Түркістанда өткен дүбірлі додаға Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан спортшыларынан 150-ге тарта адам қатысты. Сайдың тасындай іріктелген саңлақтардың ішінен көзге түсіп, 49 келі салмақта жұдырықтасқан Дарынның шапшаңдығы, жүректілігі мен екпінді соққылары қарсыластарын қаймықтырды. Шаршы алаңда дегбірін қашырмай, аяғын нық басып, әрбір жұдырығын нысанаға тура бағыттап, төрешілердің жоғары бағасын иеленді.

Бұл – оның ересектер арасында өткен бәсі биік бәсекен алған алғашқы алтын медалі. Жас боксшы көтеріңкі көңіл күймен:

«Осы жолғы жеңістің мен үшін жөні бөлек. Ересектер қатарына басқан алғашқы сәтті қадамым. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында жеткен биік жетістігім. Ол мені қанаттандырады, жігерлендіреді!» деді.

Дарын – тәуелсіздіктің түлегі. Көк туымыздың астында ер жеткен ойы еркін, бойы шымыр, жігерлі жас. Оның бағындырар биіктері әлі алда.

Ұлжан ҰЛДАХАНҚЫЗЫ,
Текелі қаласы әкімінің
баспасөз хатшысы


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x