Жер дауы? Тайжанды толық қолдаймын, шындық соның жағында - саясаттанушы

Dalanews 26 сәу. 2021 11:19 265

Саясаттанушы Досым Сәтпаев жерді жекеменшікке беруге қатысты ойын ортаға салды деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Сарапшы жердің жекеге сатылуына қарсы.

Оның пікірінше өне-бойы жемқорланған, бармақ басты, көз қыстыға әбден бейімделген, олигархияның айтқанымен ғана жүріп-тұратын қазіргі жүйеде жерді жекеменшікке беру аса қауіпті.

Бұл тұрғыда Сәтпаев жердің жекеге сатылуына табанды қарсылық көрсетіп, "жер иесі тек мемлекет болуы тиіс" деген ұстанымдағы саясаткер Мұхтар Тайжанды толық қолдайтынын айтады.

"Парақорлық қан-тамырына араласып кеткен, онсыз бірде-бір мемлекеттік мәселесі шешілмейтін, бүкіл экономикасы олигархтардың "патша көңіліне" лайықталып құрылған мына жүйеде ауыл шаруашылығындағы латифундистердің позициясы өте-мөте мықты. Жер туралы заңдамадан тырнақ ұшындай ғана ілік тапса, олар бұл мүмкіндікті мүлт жібермейді. Өздерінің қолайына қарай пайдаланып, ұланғайыр аумақты пышақ үстінен бөлісіп алады", – дейді ол.

Сәтпаевтың айтуынша Жер туралы жаңа заң жобасы қабылданған күннің өзінде латифундистер мен олардың сойылын соғатын топ ізін жасырмайды. Сондықтан заң жобасындағы шикіліктер мен кемшіліктерді күні бұрын көре біліп, жерді бөліс-тартысқа салғысы келетіндердің жолын кесу керек.

...

Бұған дейін Dalanews.kz Қазақстан азаматына жерді жекеменшікке сатуға қатысты 5 жылға мораторий жарияланғанын хабарлаған.

Жер комиссиясына жетекшілік еткен вице-премьер Ералы Тоғжановтың айтуынша жерге келгенде асығыстық жасауға болмайды.

"Қазір қандай да бір шешім қабылдауға, елді жан-жаққа тартуға еш қақымыз жоқ. Сондықтан осындай ортақ шешім қабылдадық", – деді Тоғжанов.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның айтуынша осы аралықта елдегі әлеуметтік салада қордаланған проблемаларды шешіп, жер мәселесіне үлкен дайындықпен және мүлдем басқа жағдайда оралатын мүмкіндік бар.

Ал саясаткер Мұхтар Тайжан мораторий туралы шешім қабылданбас бұрын жер жекеге сатылар болса, митингіге шығуға әзір екенін айтқан. 


- Иә, біз дауыс берген кезде жеңілуіміз мүмкін. Мұндай жағдайда мен жалпы ұлттық заңды митинг жариялаймын. Бүгінгі таңда бұған Заң мүмкіндік беріп отыр. Бұндай жағдайда әр қала, әр ауыл жер үшін шығу керек.

Қалай болса да жерді жеке меншікке сатуға жол бермеуіміз шарт. Мұндайға жол берсек, қазақтың баласы латифундистердің құлдығына мәңгілікке батып кетеді. Ұрпақ біздің мұнымызды кешірмейді, - деп жазған еді ол әлемжелідегі парақшасында.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x