"Шыдап отыру мүмкін емес". Мамай аштық жарияламақ

Dalanews 26 сәу. 2021 09:12 189

Тіркелмеген Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамай жерге қатысты билік ұстанымы өзгермесе, аштық жариялайтынын мәлімдеді.

«15 мамырға дейін жер мәселесіне нүкте қойылып, оны шетелдіктерге беру туралы ойынан билік қайтпаса, біз алаңда аштық жариялаймыз!», – деді ол.
«Өздеріңіз ойлап көріңіздер: ағаш отырғызып, гүл егіп, орман өсіру үшін жерді 25 жылға шетелдіктерге берудің қандай қажеті бар? Әрі қай шетелдік қазақты жарылқап, жерін гүлдендірейін деп ақшасын салады, күшін жұмсайды? Яғни, мұның астарында құйтырқылық бар деген сөз. 2016 жылы жаппай митингілерден соң биліктің аузы күйіп, енді түлкі бұлаңға салып отыр. «Орман өсіруге ғана береміз» деп халықты алдап соғып, жерімізді саудаға салмақ.


Біз бұған түбегейлі наразымыз. Нақты талап орындалуы тиіс: «Қазақстанның жері, мейлі ол қай бағыттағы болсын, шетелдіктерге жалға берілмейді әрі сатылмайды» деген бап кодекске енуі тиіс! Онсыз біз жерден, Отанымыздан айрыламыз! Егер сенат қабылдап, Тоқаев оған қол қойса, жерді саудаға салу басталады! Бұған шыдап отыру мүмкін емес!», – деп жазады Ж.Мамай.


24 сәуірде Жанболат Мамай бастаған бір топ адам жер мәселесіне қатысты рұқсат етілмеген митингіге шыққан болатын.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x