Back
| DalaNews

Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев пен Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, – деп хабарлайды Dalanews.kz ҚазҰУ-дің Имидждік саясат және қоғаммен байланыс департаментіне сілтеме жасап.

Келісімге сәйкес, алдағы уақытта ҚазҰУ аталған институтпен бірлесіп, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша вирусолог мамандарын даярламақ.

Коронавирус індеті кезінде Қазақстанда эпидемиология және вирусология саласындағы мамандар тапшылығы сезілгені жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында еліміздегі жетекші жоғары оқу орны Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп, білікті мамандар даярлауды қолға алды.

Кездесу барысында тараптар осы бағыттағы ынтымақтастықты арттырудың маңызына тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті.

– Елімізде алғаш рет ҚазҰУ-дың Биология және биотехнология факультетінде вирусолог мамандары даярланатын болады. Сонымен қатар кадрларды дайындауға Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының арнайы зертханалары да үлес қосады. Бұл бастама – саладағы бірқатар түйіткілді мәселелерді оңтайлы шешуге өз септігін тигізбек, – деп атап өтті ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев.

Осы орайда айта кетейік, «Вирусология» білім беру бағдарламасы практикалық оқуға басымдық береді. Оқу процесінің басым бөлігі зертханалық жағдайда жұмыс жасауға бейімделген. Болашақ мамандар білім алу барысында жаңа вирустардың түрлерін, оларды зерттеу әдістері мен түрлі сипаттарын анықтауға машықтанады. Сондай-ақ зертханада білімгерлер диагноз жасауға және зерттеуге дағдыланбақ.

Өз кезегінде Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты түлектерді жұмыспен қамтамасыз етіп, жас мамандарды вирусология, биология және биотехнология салалары бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткізеді.

– Алдағы уақытта біздің ғылыми-зерттеу институтының жанынан арнайы диссертациялық кеңестер ашылады. Сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын жан-жақты жүргізуге және білім алушыларға әдістемелік көмек көрсетуге шетелдік ғалымдар тартылатын болады. Өз кезегінде бұл бастама кадр тапшылығын жоюмен қатар, білікті де білімді мамандар мектебінің қалыптасуына ықпал ететін болады, – дейді Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья.

Тағы оқыңыз:

ҚазҰУ қалашығына тағы 120 қарағай отырғызылды