Алакөл ауданында үй шаруасындағы әйел тігін цехын ашты

Dalanews 15 сәу. 2021 06:28 245

2019 жылы Юлдуз Тұраева кәсіп бастау ниетімен Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасына жүгініп, кәсіпкерлік негіздері бойынша «Бастау Бизнес» оқыту жобасына жазылды. Оқыту барысында Юлдуз тоқыма бұйымдарын шығару жобасын әзірледі. Нәтижесінде жоба «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында 500 000 теңге көлемінде грантқа ие болды.

«Жастайымнан тігін ісімен айналысуды армандайтынмын. Басында хобби ретінде қарадым. Үй іші мен туыстарыма жиынтықтар жасап жүрдім. Осыдан кейін мен бұл хоббиді жеке кәсіпке айналдыруды шештім. «Атамекеннің» Алакөл аудандық филиалы тарапынан маған бизнесті ашу және дамыту үшін жан-жақты қолдау көрсетілді. Қазір біз тоқыма өнімдерінің 20-дан астам түрін шығарамыз. Өнімдер тек біздің ауданда ғана емес, көршілес аудан мен қалаларда да үлкен сұранысқа ие», - дейді жас кәсіпкер.

Гранттық қаржыландыруға Юлдуз Тураева заманауи тігін жабдықтарын сатып алған. Өнімдер «Baby comfort» брендімен «Шонжыда жасалған» маркасымен шығарылады.

Қазіргі таңда тігін цехында жеті адам жұмыс істейді. Олар барлық түрдегі тоқыманың 25 түрін жасайды. Оның ішінде қалыңдықтың жасауы, перзентханадан шығару рәсіміне арналған жиынтық, әр түрлі жастағы балалар мен ас үйге, төсек-орын, қонақ бөлмеге арналған жиынтықтар, жүк көліктеріне арналған перделер, қыз – келіншектер мен жаңа туған нәрестелерге арналған киімдер және т.б. жиынтықтарды айтуға болады.

Осы жылы кәсіпкер өндіріс көлемін арттыру мақсатында қосымша жабдықтар сатып алып, жобаны кеңейтуді жоспарлап отыр.

Қасиет АРСТАН,
Алакөл ауданы әкімінің
баспасөз-хатшысы


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x