Әр қазаққа 10 сотық жер беріле ме? - Тоғжанов жауап берді

Dalanews 25 нау. 2021 08:01 248

Жер комиссиясының алғашқы отырысында әрбір қазақстандыққа 10 сотық жер беру мәселесі көтерілді. 

Заңгер Марат Бәшімовтің айтуынша, Жер кодексінде әрбір қазақстандыққа 10 сотық жер беру мәселесі көрсетілген. Ал кодекс басқа заңдардан жоғары. Сондықтан оның нормалары міндетті түрде орындалуы қажет.

"10 сотық кодексте анық жазылып тұр. Ұнай ма, ұнамай ма, инфрақұрылым дайын ба, дайын емес пе, оны беру керек. Себебі бұл – кодекс нормалары. Ал кодификацияланған заң кәдімгідей заңнан жоғары. Оны міндетті түрде орындау қажет. Біз болсақ, орындамай отырмыз. Бәріміз ауылда өстік қой. Ол жерде инфрақұрылым болды ма?", - деді Бәшімов бүгінгі жиында.

Комиссия төрағасы, премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бұл мәселеге қатысты түсініктеме берді.

"Жерді беру үшін оның инфрақұрылымын қалыптастыру қажет. Ал инфрақұрылымды жүргізу үшін орта есеппен 4 триллоннан артық ақша керек. Сондықтан оның бәрін есептеуіміз керек. Бір күнде шешілетін сұрақ емес", - деп атап көрсетті Тоғжанов.


Айта кетейік, өткен аптада премьер-министр "Жер реформасы бойынша комиссия құру туралы" өкімге қол қойған болатын.

Құжатта комиссияның жалпы ережелері, міндеттері, комиссия жұмысын ұйымдастыру және оның тәртібі көрсетілген. Комиссияның құрамы да жарияланды. Отырыстар аптасына бір рет сенбі күні өтеді. Министрліктің ресми парақшасында онлайн режимде көрсетіледі. Комиссия мүшелері сағат 10:00-де жиналады.

Дереккөз: sputnik.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x