АЛАКӨЛДІК «КҮМІС АЛҚАЛЫ АНАЛАР» ҚОНЫС ТОЙЫН ТОЙЛАУДА

Dalanews 21 нау. 2021 09:52 181

Сайын даланы сері самалға өпкізіп, жұрттың аузын аққа жеткізіп, нұр тамшыларын аямай төккізіп, қиындықтың бәрін келер жылға өткізіп, Самарқанның көк тасын ерітіп, күн нұрымен жер жүзін мұздан жібітіп, тас жүректерді мейіріммен үгітіп, жыл құстарының әнін шалқытып, наурыз мейрамы да келіп қалды. Осы ретте Ұлық мейрам қарсаңында ауданымызда қуанышты жаңалықтар орын алуда. Оған дәлел, бүгін ауданымызда көп балалы отбасы баспаналы болып жатыр. Әлемдік пандемияға қарамастан ауданда экономиканы дамытуға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға байланысты бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда. Соның ішінде халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған емес.
Өздеріңізге белгілі, өңірімізде 6 категория бойынша көп балалы отбасылар тұрғын-үй кезегінде тұр. Соның ішінде баспана кезегін күтіп жүрген «Күміс алқа» иегерлері, Ақтүбек ауылдық округінен көп балалы ана Назгүл Алекеева мен Меруерт Тойжановаға аудан әкімі А.Абдинов 48 пәтерлі үйден босаған 3 бөлмелі пәтер кілтін табыстап, қоныс тойымен құттықтады. Жанұяға шаттық пен береке-бірлік тіледі.
«Сіздерді, бүгінгі Ұлыстың ұлы күніменен шын жүректен құттықтаймын. Мен, Алекеева Назигүл Айдарханқызы көп балалы анамын. Күміс алқа иегерімін. Тұрғын-үй кезегіне тұрып, өзімнің кезегім келіп, әз-Наурыздың қарсаңында баспаналы болып отырмын. Жанұямызбенен өте қатты қуаныштымыз. Аудан әкіміне және Бескөл ауылдық округінің әкімдігіне үлкен алғысымды айтамын. Мен сияқты кезекте тұрған азамат пен азаматшаларға біздің жолымызды беріп, баспаналы болуына шын жүректен тілектеспін. Барлықтарыңызды Наурыз мерекесімен құттықтаймын», - деді қоныс иесі.

Қасиет АРСТАН,
Алакөл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x