Жас келсе, іске!

Dalanews 17 нау. 2021 06:08 224

«Бастау» жобасының көмегімен көкөністер мен жемістер дүкенін ашып, кәсіпкер атанған 30 жастағы Айман Жапарова бүгінде жас кәсіпкер атанған. Азаматтармен етене жақын байланыс орнатып жұмыс істегенді жаны сүйетін, үлкен-кішіге қамқор, арманшыл жан, «Жеке ісім болса»,- деген мақсаты болған. Сатушы болып жұмыс істей жүріп, жеміс-жидектерден себеттер мен гүл шоқтарын әзірлеу ойына келген.



«Тұрмысқа шыққаннан кейін Үшарал қаласына көшіп келдім. Жолдасыма өз ісімізді ашып, кәсіпкерлікпен айналысуды ұсынғанымда бірден қолдады. Көкөністер мен жемістерден себеттер мен гүл шоқтарын жасауды, сонымен қатар шағын дүкен ашуды жоспарладым. «Атамекен» ҰКП барғанымда мұның бәрін қалай жүзеге асыру керектігін түсіндірді. Қолдау шараларының бірі «Бастау» жобасы болды. Карантиндік ережелерге байланысты оқу онлайн түрде жүргізілді. Дегенмен де, өзім үшін көптеген пайдалы және қызықты нәрселерді үйрендім», - деді кәсіпкер.



2020 жылдың қазан айында жас кәсіпкер «Еңбек» бағдарламасы бойынша 555 600 теңге грант алған. Осы қаражатқа ол тоңазытқыш жабдықтарын, сөрелерді сатып алған. Үшарал қаласының тығыз орналасқан аудандарының бірінен дүкенге арналған орынды жалға алып, кәсібін жалғастырған.

«Қазіргі уақытта дүкен ашып, сіз ешкімді таң қалдырмайсыз, бірақ мен үшін бұл өмірдегі үлкен және тәуекелге толы қадам еді. Ары қарай өз бетімізше аяққа тұра алатынымызға зор үміт пен сенім болды. Қазір екі адамды жұмыспен қамтып отырмын. Барлық көкөністер мен жемістерді сенімді жеткізушілерден сатып аламыз. Заман ағымына сай болу үшін онлайн жеткізу қызметін іске қостық. Instagram парақшасы және WhatsApp желісі арқылы тапсырыс қабылдауды жолға қойдық», - деп атап өтті ол.



Сонымен қатар, Айман тапсырыс бойынша авторлық себеттер мен гүлшоқтарын жасайды. Мұндай қызмет аудан тұрғындары үшін жаңа кәсіп түрі болған соң, сұраныс жоғары екендігін айтып өткен жөн.
Биыл кәсіпкер өзінің авторлық себеттер мен гүл шоқтарын сату бойынша жеке сауда нүктесімен қатар, жаңа дүкен ашуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ, аудан орталығына қарасты Қазақстан, Бескөл, Жанама, Еңбекші сынды ауылдарға да көкөністер мен жемістер жеткізуді қолға алуда.

Алакөл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x