Қазақ диджейі "Грэмми" сыйлығын жеңіп алды

Dalanews 15 нау. 2021 02:39 271

Roses әнінің ремиксін жасаған қазақ диджейі Иманбек Зейкенов әйгілі "Грэмми" музыкалық премиясын иеленді деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Қазақ жігіті 2021 жылғы "Үздік ремикс" номинациясында топ жарды.

"Ең алдымен ата-анама алғыс айтамын. "Грэмми" үшін рахмет! Өнер адамына бұдан асқан бақыт жоқ", – деді Иманбек Зейкенов.

Музыкалық премияның 63-ші шарасы онлайн өтті. Айта кетелік Иманбек мұндай мәртебелі номинацияға ұсынылған әрі оны жеңіп алған алғашқы қазақ.

Roses әнінің ремиксін жасаған Иманбектің әні 20 апта бойы Billboard Hot 100 чартындағы үздік ТОП-10 туындының қатарында жүрді. Apple Music ТОП-10-ына кірді. Ұзақ уақыт бойына "Яндекс.Музыканың" тізімінде топ бастады.

Танымал болғанға дейін Иманбек Павлодар облысы, Ақсу ауданында теміржолшы болып істеді. Бос уақытын музыка өнерін меңгеруге арнады. Айтуынша қазір теміржолдан кетіп қалған, біржолата шығармашылыққа көшуді жөн көріпті.


Бұған дейінгі сұхбатында қазақ диджейі өзінің "Грэммиге" ұсынылғанын хабарлаған тыңдармандардың сөзіне сенбегенін айтқан еді.

"Алғашында әзіл деп ойладым. Мұншалықты мәртебелі байқаудың номинанты атанамын деп күткем жоқ. Алайда бұл жайында ақпарат құралдары хабарлағаннан кейін шындық екеніне көзім жетті. Мұны естігенде айран-асыр болдым",  – деген еді қазақ диджейі.

https://www.youtube.com/watch?v=Du4WMOS2-sA

https://youtu.be/2zToEPpFEN8

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x