Түпқарағандық азамат малдың майынан иіс сабын шығаруды бастады

Dalanews 10 нау. 2021 08:49 356

Түпқарағандық Жеңіс Алашабаев малдың майы мен түрлі шөптердің қосындысы арқылы ақ сабын шығару ісін бастады. Шағын кәсіпкер осы уақытқа дейін 72%-дық кір жуатын сабын мен ұнтақты сатылымға шығарған, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түпқараған ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінде ол ақ сабын шығару жолында ізденіп, жаңа құрам ойлап тапты. Ерекшелігі – таза қойдың майы, итшоған шөбі мен эфир майының құрамымен дайындалады.

– Бұл ақ сабынды сыртқы матасымен бірге қолдана береді. 100 теңгеден саудалап отырмын. Табиғи өнім болғасын, өте жақсы көпіреді. Жасалу технологиясын мемлекеттік стандартқа сай және өзімнің ізденісіммен жасап шықтым.


Бұл тұрғыда ғаламтор желісі арқылы көп зерттеу жүргіздім. Қоспасына түрлі шөптердің қайнатылған тұнбасы мен 100 пайыздық эфир майын қоса қолданамын. Осы істі дамыту мақсатында ізденіп, ақ сабынның өндірілуіне жол таптым. Ақ сабынды 1 күнде 100 дана шығару мүмкіндігі бар. Енді тауарлық сапасы мен қораптау жағын қолға алмақпын. Ол үшін кәсіпкер ретінде тіркеліп, «Атамекен» курстарынан өтуге шешім қабылдадым, – дейді Жеңіс Алашабаев.

Бағасы халыққа тиімді, құрамы химиялық қоспасыз жергілікті өнімді алдымен Жеңістің ағайын-тумаластары алып бастаған. Аптасына 100-ден 300-ге дейін сабын шығарып отырған Жеңіске дүкендерден де ұсыныстар түсуде.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x