Былтыр Қазақстанға 13 мың қандасымыз көшіп келген

Dalanews 27 ақп. 2021 06:36 139

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz .

Ведомство басшысының айтуынша 2020 жылы республикаға этникалық көші-қонды ынталандыру шеңберінде 7 мыңнан астам отбасы немесе 13 мың этникалық қазақ келген.

«Оның ішінде 396 отбасы Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстарына қоныстанған. Сонымен қатар ел экономикасын білікті шетелдік мамандармен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда. 2020 жылы бөлінген квота шеңберінде жергілікті атқарушы органдар шетелдік жұмыс күшін тартуға 17,3 мың рұқсат берді. Қазақстандық қызметкерлердің мүдделерін ескере отырып, ағымдағы жылға квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,31%-ды құрады», – деді министр.

Ведомство басшысының айтуынша, қолданыстағы көші-қон жүйесін жетілдіру мақсатында өткен жылы заңнамаға елге келетін қоныс аударушылар қолайлы жағдайлар жасау, шетелдік білікті қызметкерлерді қазақстандық кадрлармен алмастыру жөніндегі міндеттемелер көздейтін түзетулер енгізілген.

«Көші-қон қатынастарын одан әрі дамыту шеңберінде 2021 жылы үш негізгі міндет айқындалды. Біріншісі – Қазақстан Республикасы Көші-қон саясатының 2022-2026 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасын қабылдау. Екіншісі – қазақстандық қызметкерлерді шетелде жұмысқа орналастыру және құқықтық қорғау бойынша тиісті жүйені енгізу. Үшіншісі – кадрлардағы қазақстандық қамтуды қамтамасыз ету кемінде 97% деңгейінде сақтау», – деді Серік Шәпкенов.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x