Макс ел сенімін ақтамады. Мамайшыл болып кетті – Қуанышәлин

Dalanews 19 ақп. 2021 14:25 233

Билік оппоненті Жасарал Қуанышәлин қоғам белсендісі Макс Боқаевты ел сенімін ақтамады деп айыптады. 

 Оның пікірінше бостандыққа шыққан Боқаев бұрынғы позициясынан тайқып кеткен. Қуанышәлин мұны Жанболат Мамайдан көреді.

 "Макс түрмеде отырғанда оны Мамай, Талған Аян және биліктің басқа да жалдамалы жансыздары қоршап алып, өз "қамқорлығына" алды. Макстің Мамай құрған партияны қолдайтынына көзім жетті" – дейді ол.

Қуанышәлин осы арада бұдан тура бір жыл әлемжеліде "Максты Мамайдың партиясына тарту биліктің көмегімен жүріп жатыр" деген пост жазғанын ел есіне салыпты. Осы себепті де Боқаев бостандыққа шыққанда, оны бірден құттықтамай, әліптің артын баққан.

 "Өкінішке орай, оның айналасында Мамай мен мамайшылдар жүр. Боқаев Мамайдың партиясына қосылам деген ойынан айнымапты. Соған қарамай соңына дейін үміт үзгім келмеді. "Қайтіп үйірін табар" деген сенімде жүрдім. Алайда Макстың соңғы сұхбаты бұл мәселеге нүкте қойғандай болды.


 Оның 30 жыл бойы ел билеген Назарбаевты кемшіліктері үшін жауапкершіліктен босатып, "демалысқа жіберу" және жағдайды "азамат соғысына жеткізбеу" үшін билікпен "диалог құру" туралы еш ақылға сыймайтын, күрескерге тән емес ұсыныстары үмітімнің быт-шытын шығарды!", – дейді Жасарал мырза.

 Қоғам белсендісінен көңілі қалған ол түрмеге дейінгі Боқаев пен түрмеден кейінгі Боқаев екі бөлек адам деп есептейді. Қуанышәлиннің пікірінше бүгінге жүйемен астыртын келісімге келген "күрескерлерді" қазақ қоғамы қабылдамайды. "Макс Боқаев, өкінішке орай, халық сенімін ақтамады", – дейді ол.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x