"Бұл салымшының ақшасы". Экономист "Отбасы банкіндегі" әділетсіздік туралы айтты

Dalanews 09 ақп. 2021 10:28 291

Экономист Олжас Құдайбергенов «Отбасы» Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкіндегі ипотека бағдарламасының кемшін тұстарын айтты деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сарапшы пікірінше бағдарламадағы шикіліктер «Отбасы банкінің» ипотеканы  жеңілдікпен беретін шынайы қаржы институтына айналуына кедергі келтіруде.

«Маған Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкін басқарып отырған ұжымның іскерлігі ұнайды. Олар өз тарапынан банк жұмысын жақсартуда қолынан келгенді істеуде. Алайда банктің қабырғасы қаланған уақытта әзірленген ипотелік бағдарламалардың кемшілігі көп. Турасын айтқанда бұл жобалар қаржы ұйымының әлеуметтік бағытты ұстанған позициясы мен тұрғын-үй саясатына сай емес.

Пәтер алушыға жеңілдікпен берілгендей көрінетін банк ипотекасының пайызы шын мәнінде нарықтағы бағадан да жоғары», – дейді Құдайбергенов.

Оның айтуынша банк кредит бермес бұрын алдын-ала төлем ретінде баспана бағасының 50 пайызын шотқа жинауды талап етеді. Алайда қарызды осы соманың үстінен тұтас рәсімдейді. Былайша айтқанда салымшының маңдай термен тапқан қаражатын өзіне қарыз ретінде береді.

«Осының кесірінен жеңілдікпен берілгендей көрінетін 7 пайыз шын мәнінде 14 пайызға өсіп шыға келеді. Бұл екінші деңгейлі банктердің пайыздық мөлшерлемесінен асып түседі», – дейді экономист.


Құдайбергеновтің атап өткеніндей Тұрғын-үй жинақ банкіндегі пайыздық мөлшерме банк тарапынан берілген нақты несиенің негізінде рәсімделуі тиіс. Салымшының салған ақшасы бұл санатқа кірмеуі керек.

«Отбасы банкіндегі есеп-шотын ұдайы толықтырып отыратын салымшылар сыйақы алады. Алайда мұндай мүмкіндігі жоқ немесе осы банктен шот ашпаған азаматтарды мөлшерлемесі жоғары кредитпен «жазалау» қателік. Банктің негізгі несиелеу мөлшерлемесі 7 пайыздау аспауы керек.

Тұтастай алғанда тұрғын-үй депозиті мен несиелеу саясаты Үкіметтің осы бағыттағы жұмысты әділ үлестіргенін көрсетуге тиіс еді. Жеке институт мұның есебінен табыс табуға міндетті емес», – дейді экономист.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x