"Мұндай жүйе ешбір дамыған елде жоқ!". Сенатор күйініп кетті

Dalanews 04 ақп. 2021 11:23 288

Аграрлық ғылымның тиімділігін тежейтін, өз қолымызбен жасап отырған себептердің бірі – аграрлық ғылыми жобалар мен бағдарламаларды іске асыру мерзімінің шектеулігі.

Бізде ғылыми конкурстардың талабы бойынша оған 3 жыл ғана уақыт беріледі, деді сенатор Ақылбек Күрішбаев ғылымды дамытудағы мәселелер туралы сөйлеген сөзінде деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, бұлай ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеулердің уақытын шектеуге болмайды.

Себебі аталған саладағы зерттеулер бюджеттік жоспарлау мерзіміне емес, ауа-райының ерекшеліктерімен байланысты.

– Ешбір елде ауыл шаруашылығындағы жаңа сұрыптар, технологиялар үш жыл ішінде жасалмайды. Сондықтан кеңестік одақ кезеңінде ғылыми зерттеулерге кем дегенде 5 жыл уақыт берілетін.

Қазір біз өзіміздің ғылыми жобаларымызға шетелдік ғалымдарды тарта алмағандықтан, шетелдік технологиялардың трансфертін қамтамасыз ете алмай отырмыз.

Себебі біздің серіктестеріміз 3 жыл мерзімде ауыл шаруашылығында маңызды ғылыми нәтижелерге қол жеткізудің мүмкін еместігін түсінеді. Демек, аграрлық ғалымдарымызды біз өзіміз тығырыққа тіреп отырмыз. Әрине, осыдан кейін өндірістің сұранысын өтей алмайтын, "шикі" ғылыми жобалар пайда болады, – деді ол.

Депутат Қазақстан ғылымының қазіргі деңгейін көрсететін мынадай деректерге назар аударды:

2020 жылғы "Жаһандық инновациялық индекс" рейтингіне сәйкес, Қазақстан инновациялық қызмет тиімділігі көрсеткіші бойынша тек 77-орынға ие болды. Дамыған елдер туралы айтпағанда, біз Ресей мен Белоруссиядан айтарлықтай артта қалып, Армениядан, Моңғолиядан, Ямайка және Панамадан да төменгі орынға түстік.

– Ал өзіміздің статистикалық деректерімізге сүйенсек, 2019 жылы біздегі инновациялық өнім көлемі елдің жалпы ішкі өнімінің небәрі 1,6%-ын құраған, осы көрсеткіш бойынша біз Ресейден 8 есе, дамыған елдерден 20-30 есе артта қалып отырмыз. Неге бұлай?


Басты себеп – ғылымды қаржыландырудың жеткіліксіздігі.

 Біз ғалымдарды дайындаудың ескі кеңестік жүйесін жойдық, бірақ оның орнына жетілдірілген жаңаша жүйені құра алмадық.

Технологиялық тұрғыдан дамыған елдер, оның ішінде Қытай, инновацияларды құрудың және заманауи ғылыми кадрларды даярлаудың ең қысқа жолы зерттеу университетінің моделі болып табылатынын дәлелдеді және бүгінде көршілеріміздің қандай ғылыми серпіліс жасағанын көріп отырмыз.

Аталған елдің университеттерінде, негізінен, экономиканың ең өзекті мәселелерін шешуге бағытталған ірі пәнаралық ғылыми бағдарламалар жүзеге асырылады. Өзіндік ғылыми мектебі қалыптаспаған зерттеулердің бағыттары бойынша жобаларға жетекші шетелдік ғалымдар тартылады.

Нәтижесінде мультипликативті нәтижелерге: яғни, өндіріске қажет инновацияларға, жаңа білімен технологиялар трансфертіне, заманауи зерттеу әдістерін меңгерген жас ғалымдарды даярлауға, ЖОО үшін жаңа білім беру бағдарламаларына қол жеткізіледі, – деп қосты ол.

Оның айтуынша, біз өзіміздің көптеген реформаларымызбен ғылым мен жоғары білім беруде осындай басты жүйелі өзгерістерді іс жүзінде қалыптастыра алмадық.

Шын мәнінде, біз бүгінгі күнге дейін әлемдік ғылыми және білім беру кеңістігімен біріге алмадық. Бізде құрылған бірнеше ғылыми-зерттеу университеттерінің жұмыс істеу мазмұны емес, тек маңдайшасындағы жазуы өзгерді. Ал салалық министрліктер тіпті басқа жолмен жүр.

 Олар өздеріне бағынышты университеттердің ғылыми әлеуетін нығайтудың орнына, олардың үстінен неше түрлі әкімшілік құрылымдарды ойлап табуда. Мұндай жүйе ешбір дамыған елде жоқ!


Ұсынылып отырған заң жобасында Білім және ғылым министрлігінің сала аралық үйлестіру құзыретінің күшейтілетіні мені қатты қуантады.

Ең бастысы, еліміздің ғылымын "велосипедті" қайта ойлап таппай, әлемде жинақталған тәжірибені қолдана отырып, ғылыми зерттеулерді ұйымдастырудың заманауи жүйесін біздің тәжірибеге бейімдей алатын жай ғана менеджер емес танымал ғалым басқару керек.

«Біз Білім және ғылым министрлігі жұмысының қаншалықты күрделі және көп қырлы екенін түсінеміз», деген сенатор ғылымның сапалы ғылыми әлеуетін қалыптастыруға қатысты осы басым міндеттерге назар аударуды сұрады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x