Жетістіктер сараланды

Dalanews 04 ақп. 2021 04:04 238

Текелі қаласы әкімінің міндетін атқарушы Елдос Мырзабек «Zoom» қосымшасы және «Instagram» желісі арқылы халыққа өткен жылы атқарылған жұмыстар жайында онлайн есеп беріп, алдағы міндеттерді айқындады.

Құрылғанына 70 жылдай уақыт болған, асқақ тауларымен ерекшеленетін моноқалада отыз мыңнан астам тұрғын бар. Жұртшылықтың әлеуметтік жағдайы жақсы болуы үшін барлық жұмыс атқарылуда. Қай саланы алып қарасақ та қарыштап дамып келеді. Өңірдегі пайдалы қазба байлығы мен инфрақұрылымдық тиімділігін айтпағанда, ауылшаруашылығы, туризм, құрылыс, өнеркәсіп өндірісі, жаңартылған энергия көздері сынды бизнес салаларында айтарлықтай өзгерістер бар. Аймақ экономикасының негізгі күші – өнеркәсіп. Мәселен, 2020 жылы өнеркәсіптік өндіріс көлемі 22,8 млрд.теңгені, қаланың аймақтық өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі 2,0 пайызды құраған.

Шағын және орта бизнес қала экономикасының маңызды бөлігі болғандықтан барлық мүмкіншілік жасалып, тиімді несиелер берілуде. Нәтижесінде бүгінде жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1455, шағын және орта бизнестен бюджетке төлемдер түсімі 2,2 млрд.теңгені құрайды. Мемлекеттік кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары шеңберінде сегіз несие берілген. 25,2 миллион теңгенің кепілдік сомасына жеті жоба қамтылып. 56,0 млн.теңге сомасында 90 гранты беріліпті.

2020 жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 2,3 млрд.теңгені құрап, жоспар 94,5 пайызға орындалған. «Достық» шағынауданы әл-Фараби көшесінен 40 пәтер беріліп, көпбалалы, толық емес отбасы, мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнеткерлер баспана бақытын тойлады. Сонымен қатар, қаланың орталық саябағына амфитеатр салынды. Алдағы жылғы жоспар «Жастарға қызмет көрсету» орталығы, Спорттық-сауықтыру кешені, Сейфуллин көшесінен 40 пәтерлі жалдамалы тұрғын үй салу.

Текелі облыстың ғана емес, еліміздің туризмін дамытуға қолайлы өңір. Қалада туризмді өркендету және «Ақылды қала» жүйесін енгізу үшін бірқатар жұмыс атқарылуда. Атап айтсақ, қалаға кіреберісте туристерге арналған негізгі орындарды ақпаратпен қамтамасыз ету үшін жарық диодты экран орнату жоспарланған. «Будда» тасын және Қора өзеніндегі бұлақты, Қонаев көшесіндегі аумақты, «Горняцкий» шағынауданындағы жерді абаттандыру жұмыстары жасалмақ.

Әлеуметтік саланы дамыту әкімдік жұмысының басты бағыттарының бірі. Өткен жылы 1370 адам жұмыспен қамтылған. Бес жүзге жуық отбасына әлеуметтік көмек төленді. 147 отбасыға 2,5 млн.теңге көлемінде тұрғын үй көмегі беріліпті. Жомарт жандар қайырымдылық шараларын өткізіп, 1048 отбасыға жалпы сомасы 11,3 млн.теңгеге көмек көрсетілген.

2020 жылы денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға 1,2 млрд.теңге бөлінген. Ал амбулаториялық-емханалық диспансерлік топтағы науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 183,6 млн.теңге жұмсалыпты. Елімізді жайлаған індетті одан әрі өршітпеу үшін барлық жағдай жасалып, дәрі-дәрмек пен медициналық құралдар алынған.

Қала бойынша құқықбұзушылықтың көрсеткіштеріне тоқталсақ, қылмыс саны едәуір азайған. Қаладағы қоғамдық және жол қауіпсіздігін қадағалау үшін 8 бейнебақылау камерасы орнатылып, Қоғамдық орындарда үшін екі модульдік полиция бекеттері сатып алынды. Жедел басқару орталығы салынып, 50 бейнебақылау камералары сатып алыныпты. Оларды орнату биылға жоспарланған.

Жиында сөз алған Серік Тұрдалиев облысымыздың әлеуметтік-экономикалық даму барысын баяндап, есептік кездесуде қаралған мәселелердің бақылауға алынатындығын және жұмыс сапалы орындалатындығын айтып, алдағы уақытта атқаратын істеріне сәттілік тіледі.

Есептік кездесуден соң Елдос Сәкенұлы тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады.

Ұлжан ҰЛДАХАНҚЫЗЫ,
Текелі қаласы әкімінің
баспасөз хатшысы 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x