Әрбір азаматта ұлттық байлықтың бір бөлігін иелену мүмкіндігі болуы қажет - Тоқаев

Dalanews 29 қаң. 2021 19:25 155

Қасым-Жомарт Тоқаев акцияларды жеке адамдарға сату арқылы "Халықтық IPO" бағдарламасын қайта жаңғырту қажеттігі туралы айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Бұл туралы ол Реформалар жөніндегі Жоғарғы Кеңестің отырысында 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспары жобасын таныстыру кезінде мәлімдеді.

Мемлекет басшысының бұған дейін берген тапсырмасына сәйкес, толықтай немесе жартылай жеке бәсекелестік секторға өтетін ұйымдардың саны 176-дан 736-ға дейін ұлғайды.

Бәсекелестік ортаға 5 триллион теңге көлеміндегі активтердің берілуі мемлекеттің экономикаға араласуын 14 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Осыған орай стратегиялық инвесторлар тартылып, шағын және орта бизнестің жекешелендірілетін компаниялардың қызметіне қолжетімділігі сақталады және кеңейеді.

Президент алдыңғы жекешелендіру кезіндегі нысандардың басым бөлігі біршама кейінге шегерілген немесе мүлде алынып тасталған тәжірибені еске салды.

 
– Жұмыстың жоспар бойынша жүруі аса маңызды. Бұл тұрғыда Үкіметтің ұстанымы қатаң болуы қажет. Жекешелендірудің соңы жеке монополиялардың пайда болуына әкеп соқтырмауы керек. Ондай жағдай қоғамның наразылығын тудырады. Жекешелендіру үдерісі кезінде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Осы ретте Президент Үкіметке нысандарды сатуға қоғамдық мониторинг жүргізудің тетіктерін әзірлеуді тапсырды.
– "Халықтық IPO" бағдарламасын қайта жаңғыртып, акцияларды, ең алдымен, жеке тұлғаларға, яғни, Қазақстан азаматтарына сату керек. Еліміздің әрбір азаматында ұлттық байлықтың бір бөлігін иелену мүмкіндігі болуы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x