Зейнетақы жинағын алу: өтініш қабылдайтын портал осы апта іске қосылады

Dalanews 07 қаң. 2021 10:23 276

"Отбасы банкінің" басқарма төрағасы салымшыларды зейнетақы жинағын шешіп алуға асықпауға шақырды деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ләззат Ибрагимова зейнетақы жинағын алуға мүмкіндік беретін онлайн-портал 8 қаңтарда іске қосылатынын айтты.

"Қағаз-құжат ресми рәсімделіп, бүгін барлығына толық қол қойып үлгерсек 8 қаңтарда порталды іске қосамыз", – деді ол Фейсбуктегі тікелей эфир барысында.

Оның айтып өткеніндей салымшыларға зейнетақысын алу үшін арнайы шот ашу керек. Шотты порталда онлайн ашуға болады. Банк басшысы халыққа БЖЗҚ-дағы жинағын шешіп алмас бұрын, асықпай ойлануға кеңес берді. 


"Жұмысқа келгенде шектеу жоқ. Өтініш беру 8 қаңтармен тоқтап қалмайды. Арызды асықпай-аптықпай беруіңізге де болады. Үлгересіз. Бұл іс жыл аяғына дейін жалғасады. Ипотекасын тездетіп жапқысы келетін азаматтарды түсінуге болады. Әйткенмен үй мәселесі ойыншық емес. Барлығын байыптап барып шешім қабылдағаныңыз жөн.

Мен білсем, бұл бағдарлама бұдан былай тұрақты түрде жалғасады. Сондықтан асығудың қажеті жоқ", – деді ол.

"Отбасы банк" зейнетақы жинағының белгілі бөлігін мерзімінен бұрын шешіп алу жұмысына жауапты оператор. Бұдан бұрын банк қаңтардың басында арнайы сайтты іске қосатынын хабарлаған. Арыз беру үшін азаматтардың электронды-сандық қолтаңбасы болуы қажет екенін айтқан.

Сонымен қатар "Отбасы банкіне" - біржолғы зейнетақы төлемдерін аудару үшін жеке тұлғалардың ағымдағы банк шоттарын ашуға және жүргізуге рұқсат берілді.


Зейнетақы төлемдерін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мақсаттарға ғана (тұрғын үй жағдайын жақсарту, емделуге ақы төлеу), оларды арнайы ағымдағы шоттан нысаналы мақсатына аудару жолымен пайдалануға болады.

Біржолғы зейнетақы төлемдеріне арналған арнайы шот - тұрғын үй жағдайын жақсарту және (немесе) емделу мақсаттарына бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан біржолғы зейнетақы төлемдерін аудару үшін алушымен ашылатын ағымдағы банк шоты.

«Бұл зейнетақы қорының салымшысына қаражат арнайы ағымдағы шотқа аударғаннан кейін зейнетақы жинағының қауіпсіздігіне сенімді болуға мүмкіндік беретін бірегей заңнамалық бастама.

Қаражат барынша қорғалатын болады, оларды салымшының өзге қарыздық міндеттемелері шеңберінде ешбір несие беруші есептен шығара алмайды.


Аталмыш қаражатты салық берешегі бойынша өндіріп алу мүмкін емес, тіпті бұл ақша мүлікті тәркілеу туралы сот үкімдерінен де қорғалған. Осылайша, ешбір үшінші тұлға оларды талап ете алмайды», - деді Ләззат Ибрагимова, «Отбасы Банк» АҚ Басқарма төрайымы.

Біржолғы зейнетақы төлемдері аударылатын арнайы ағымдағы шотты «ЖССБ24» мобильді қосымшасы арқылы және «Отбасы банк» АҚ сайтындағы бейнеқоңырау қызметі арқылы ашуға болады. Сәйкесінше, өтініш берушілерге Банк бөлімшелеріне барудың қажеті жоқ. Мұндай шотты ашуға байланысты операциялардың барлығын онлайн жүзеге асыруға болады.

Арнайы шот ашпай тұрып, қолжетімді соманы қандай мақсатта пайдаланғыңыз келетінін анықтап алған жөн. Оны «Отбасы Банк» АҚ құрастырған онлайн платформада жасауға болады. Өтінімдерді онлайн платформада Ережелер бекітілгеннен кейін беруге болады.

Айта кетелік, президент Тоқаев 2021 жылдың 2 қаңтар күні қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалануға мүмкіндік беретін заңға қол қойды.

Dalanews.kz зейнетақыны мерзімінен бұрын алуда “жеткіліктілік шегі” төмендегенін хабарлаған. 

Мақала "Отбасы банкінің" баспасөз қызметі ұсынған мәлімет негізінде әзірленді 


https://dalanews.kz/talqylanuda/59288-zeynetaqyny-merziminen-buryn-alu-zhet

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x