Back
| DalaNews

Торғайлық жастар ту ұстап, атқа қонып Тоқаев бастамасына қолдау көрсетті

Тәуелсіздік мерекесіне орай, Қостанай облысының Жангелдин ауданында бір топ жастары атқа мініп, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекеттік туды кеңінен қолдану туралы ұсынысын қолдап, Мемлекеттік ту шеруін ұйымдастырды. Осылайша патриот азаматтар өздерінің елжандылығын байқатты.

Жангелдин ауданы ішкі саясат басқармасының мәліметінше, бұл бастама ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекеттік туды кеңінен қолдану туралы ұсынысынан кейін туындаған.

Шеру ұйымдастыру идеясын аудан жастары да қолдап, өздерінің ойларын ортаға салған.

– Туды үйлердің қабырғасына ілу туралы да айтылып жатты. Біздер ақылдаса келе, Ту ұстап, атқа қонуды дұрыс деп таптық. Мемлекет басшысы еліміздің мемлекеттік рәміздерін, атап айтқанда, ҚР Мемлекеттік туын кеңінен қолдану туралы ұсынысын қолдайтынымызды осылай жеткізгенді жөн деп таптық.

Расымен де, рәміздер – басты байлығымыз. Ол ешқашан дәрежесінен түспеуі тиіс. Торғайлық жастардың да көздегені осы болды. Қазіргідей қиын уақытта көп адам жинауға болмайды. Дегенмен ел еңсесін көтеретін осындай бастамаларға жол ашық, – дейді шеруге қатысушылардың бірі Шыңғыс Төлеухан.

Атқа мінген жігіттер ауыл тұрғындары мен қонақтарының назарын аударды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шеруді ұйымдастыру кезінде барлық санитарлық талаптар сақталды.

Тағы оқыңыз:

Боратқа жауап. Мемлекеттік туды балконға ілуге рұқсат берілді