Жасанды интеллектілі пулемет Иранның әйгілі ғалымын атып өлтірді   

Dalanews 12 желт. 2020 20:12 249

Иранның ядролық зерттеу саласындағы белді маманының бірі физик Мохсен Фахризадені жасанды интеллектілі пулемет атып өлтірген деп хабарлайды Dalanews.kz BBC-ге сілтеп.

Мұны Иран әскери күштерінің қолбасшысы Әли Фадави растаған. Оның айтуынша пулеметтен 13 оқ атылған. Бұлардың бірде-бірі қиыс кетпей, брондалған көліктің ішінде бейқам отырған Фахризадеге дөп тиген. Жанындағы жұбайы дін аман. Отты қару жол жиегіндегі «Ниссан» көлігіне орнатылған.

Фадавидің айтуынша Фахризадені дәл көздеген пулеметте жоғары технологиялы камера орнатылған әрі жасанды интеллектінің технологиясы қолданылған.

Төрт оқ ғалымды кеудесімен қалқалаған күзет бастығына тиген. Ал пулеметтің өзі «спутник арқылы онлайн басқарылған». Ғалымға адам күшімен емес, соңғы технологиялар негізінде шабуыл жасалған. Ирандық Фарс агентігінің хабарлағанындай шабуыл сәтті аяқталғасын көлік өздігінен жарылып кеткен.

Айта кетелік Иранның физик-ғалымы Мохсен Фахризаде 27 қарашада Тегераннан 40 шақырым жерде ажал құшты.  Әуелде ресми билік ғалымға шабуылда жоғары технологиялар пайдаланылғанын жоққа шығарған болатын.

Мұның алдында елдің сыртқы істер министрлігі  ғалымның өліміне "Израильдің қатысы бар" деген. Ислам республикасы басшысының әскери кеңесшісі Хосейн Дехкан бұл қастандық үшін кек алатындарын мәлімдеген.

Фахризаде зымыран өндірісі саласындағы үздік маман саналған. Иранға қарсы тараптар ғалымның ядролық қаруды құпия түрде әзірлеп жатқанын әлденеше рет мәлімдеген.

Фахризаде бұрын Ислам революциясын қорғаушылар корпусында қызмет еткен, Иран қорғаныс министрлігінде жоғары лаузымдарда болған және физикалық зерттеу орталығын басқарған. БҰҰ-ның Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі 2004 жылғы қарарында оның есімі алғаш рет аталады.

Батыс елдерінің барлаушылары 1980 жылдардың соңынан бастап Иранның құпия ядролық бағдарламасы бар екенін айтып келеді. Бірақ 2009 жылдан бері Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) сарапшылары бұған ешқандай айғақ тапқан жоқ. Тегеран тек бейбіт мақсаттағы ядролық бағдарлама жасап жатқанын айтумен келеді.

  • 2015 жылы АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Германия және Франция Иранмен ядролық келісімге келген. Иран халықаралық санкцияларды алып тастаған жағдайда ядролық қару жасауға жетерлік деңгейде уран өңдеуден бас тартуға уәде берген.

  • 2018 жылы АҚШ бұл келісімнен өз бетімен шығып, Иранға қарсы санкцияны күшейте түсті. Осындай қысымның көмегімен Вашингтон Тегеранды жаңа келісімге қол қоюға көндіруге тырысқан. Ол келісім тек ядролық бағдарлама емес, зымыран жасауды да қатысуы тиіс еді.

  • Батыс барлаушылары "Иран бомбасының атасы" деп атап жүрген Фахрезаденің өлтірілуі АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Джо Байденнің Иранмен арада дипломатиялық қатынасты жақсарту ниетіне кедергі жасауы мүмкін. Байден Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі келісімге қайта қосылуға тырысатынын айтқан.



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x