«Жомарт жүрек» байқауының жеңімпазы белгілі болды

Dalanews 09 желт. 2020 07:25 174

Нұр-Сұлтан қаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Волонтерлар жылының жабылу салтанатына Талдықорғаннан бейнебайланыс арқылы қосылған Алматы облысы да өз жеңімпаздарын жергілікті жерде марапаттады. Атап айтқанда Алматы облысының әкімі Амандық Баталов «Жомарт жүрек» сыйлығының «Туған өлке» номинациясының жеңімпазы Руслан Камердиновқа марапат тапсырды. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді мүшесі ретін облыста танмал.

Жетісулық волонтер жастар жиналған салтанатты шарада облыс әкімі:

– Бүгін сіздермен кездескеніме қуаныштымын. Әрине, жыл оңай болған жоқ. Президенттің Волонтерлар жылын жариялауы дәл күрделі кезеңмен тұспа-тұс келді. Қиындықтарға қарамастан, үлкен жұмыс атқарғандарыңызды өз сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлыатап өтті. Біз де сол ыстық ықыласқа қосылып, ел игілігі үшін жасаған еңбектеріңізге ризашылығымызды білдіреміз. Волонтерлық – міндет емес, жүрек қалауымен жасалатын іс, – деді Амандық Баталов.

Сондай-ақ облыстық жастар саясаты жөніндегі басқармаға бірқатар тапсырмалар берді.

– Облыстағы волонтерлардың жұмысы одан әрі жалғасып, кең қанат жаюы керек. Ол үшін ерікті жастардың бас қосатын кеңсесі, жұмыс істеуіне қажетті құрал-жабдықтары, көліктері болуы тиіс. Осы тұрғыда маған ұсыныс дайындап, желтоқсанның соңына дейін көрсетіңдер. Волонтерлық жұмыстың одан әрі жандануына жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек, – деді облыс әкімі.

Атап өтсек, бұған дейін індетпен күрес кезеңіндегі елеулі еңбегі үшін жетісулық 7 волонтер «Халық алғысы» медалімен марапатталған болатын. Бүгін Руслан Камердинов «Жомарт жүрек» сыйлығының «Туған өлке» номинациясының жеңімпазы атанды.

Руслан Камердинов – Еңбекшіқазақ ауданы Бижанов ауылындағы спорт кешенін жекеменшіктен 10 млн теңгеге сатып алып, мемлекетке тегін қайтарып берді. Қазір осы нысанға күрделі жөндеу жүргізіп жатыр.

Атап өтсек, бүгінгі күні Алматы облысында Мемлекет басшысы белгілеген 7 бағыт бойынша жұмыс істейтін волонтерлардың фронт-кеңсесі жұмыс істейді. Қазіргі кезде Жетісудағы волонтерлардың жалпы саны 3250-ге жетті, соның 60-ы автоволонтер. Жыл басынан бері 9 мыңға тарта түрлі қайырымдылық акциясы өткізілген. 26 мыңға жуық көп балалы отбасы мен жалғызбасты аналарға азық-түлік түрінде əлеуметтік көмек көрсетілді. «Саулық» бағыты бойынша волонтерлардың көмегімен тұрғындарға 80 мыңдай қорғану маскалары тігіліп, таратылды. 116 дезинфекциялық жұмыс жүргізіліп, 1889 дəрі-дəрмек пен  антисептиктер үлестірілді.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x