Салалық журналистиканы қалай дамытамыз?

Dalanews 27 қар. 2020 13:40 227

Ақпарат саласында жедел шешуді қажет ететін мәселелер баршылық. Соның бірі һәм бірегейі салалық журналистиканы дамыту болып табылады. Дамыған елдердің журналистикасына көз салсаңыз, тілшілердің бір салаға бар ғұмырын арнап, сол бағыт бойы ұзақ жылдар қалам тербеп жүргенін байқауға болады. Соңғы уақытта салалық журналистиканы дамыту турасындағы мәселені ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі көтеріп, бұл бағытта журналистердің кәсіби біліктілігін шыңдау үшін бірқатар семинарлар мен оқу курстарын ұйымдастырғанын білеміз.

Салалық журналистиканы дамыту маңызды дүние екеніне пандемия кезінде көзіміз анық жетті. Елімізде медицина тақырыбы бойынша індетіп жазатын журналистердің тым аз екеніне көзіміз жетті.

Қазір Қазақстанда экономика, саясат, спорт, мәдениет тақырыбында қалам тербейтін журналистер баршылық. Ал бұдан өзге тақырыптар белден қазып жазып жүрген журналистер жоқтың қасы.

Іргеміздегі көрші Ресейдің ақпараттық кеңістігіне көз салсаңыз, салалық журналистиканы айтпаған күннің өзінде нақты бір салаларға арналған газет-журналдар, сайттар мен телеарналар жұмыс істейтінін көруге болады. Көршіміз әскери қуатты ел болғандықтан, бұл елде таза әскери бағытта хабар тарататын телеарна бар. Бұдан басқа, ғылыми-техникалық жаңалықтар бойынша жан-жақты ақпарат тарататын телеарналары да жұмыс істейді.

Алдағы уақытта бізде тұтастай телеарна құрмасақ та медицина, ғылым саласын індетіп жазатын журналистер шоғырын қалыптастыруға болады. Әрине, бұл ретте төрт-бес журналистке бола тұтастай телеарна ашудың қажеті жоқ. Өз тақырыбына адалдық танытып жүрген журналистер Ютубтан арнайы каналдар ашып, жан-жақты жұмыс істесе, салалық журналистика біртіндеп болса да дамитыны белгілі.

Осы ретте Ютуб канал ашып, салалық журналистиканы дамытуға үлес қосып жүрген әріптестерімізді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдау жұмыстарын қолға алуы керек деп есептейміз. Ақпарат министрлігі салалық журналистиканы дамытуға ұдайы көңіл бөліп келеді. Мұны мемлекеттік тапсырыс кезіндегі тақырыптардан анық байқауға болады.

Қалыптасқан заңдылық бойынша министрлік газет-журналдар мен сайттарға, телерадиоға мемлекеттік тапсырысты ұсынғанда барлық тақырыпты қамтиды. Өкінішке орай, редакциялар қандай да бір тақырып бойынша мемлекеттік тапсырысқа қол жеткізгеннен кейін сол тақырып бойынша мақалаларды топырлатып жазып, тапсырысты орындауға тырысады. Бұдан салалық журналистика дамып кетпейтіні белгілі.

Сондықтан мемлекеттік тапсырысты берген кезде журналистикамен айналысып жүрген журналистерге берудің амалын қарастыру керек. Сол кезде бір саланың соңында жүрген журналистер өз тақырыбын індетіп жазып, салалық журналистиканың көсегесін көгертуі мүмкін. Осылайша, еліміздегі салалық журналистиканы дамытуға болады.

Нұрлан Жұмақанов

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x