Қазақстан жастардың арман-мақсатын іске асыруға мүмкіндік берген ел ретінде таныла түсті

Dalanews 24 қаз. 2020 18:37 195

Таяуда Nur Otan партиясы ұйымдастырған праймериз жастардың мемлекетті басқару жүйесіне деген қызығушылығын оята түскені анық. Соңғы уақыттары елімізде жастардың кадрлық резерві пайда болып, олардың мемлекеттік қызметте сатылап өсуіне біраз жағдай жасалған болатын. Жастардың кадрлық резерві бойынша сатылап өсу үшін біраз уақыт қажет екені белгілі. Ал кейбір еркін ойлы жастардың биліктің биік мінберінде мәселе көтеріп, көкейде жүрген ойларын ортаға салып, өздерінің қоғамдық белсенділігін паш ету маңызды. Осы ретте Nur Otan партиясы ұйымдастырған праймериз белсенді жастарға жаңа мүмкіндік сыйлады десек болады.

Бүгінде мемлекеттік басқару жүйесінде көптеген жастар еңбек етіп жүргенін жақсы білеміз. Бірақ еліміздегі саясаттың көрігін қыздыратын жергілікті жердегі мәслихаттар мен ҚР Парламенті Мәжілісінде жастар тым аз. Осыған назар аударған Мемлекет басшысы белсенді жастарды қоғамдық-саяси жұмыстарға тартуды құзырлы орындарға тапсырған-ды.

Өткен жылдың аяғында қабылданған ҚР «Сайлау туралы» заңында еліміздегі жастар мен нәзік жандыларға арналған квоталарды партиялық тізімге енгізу туралы талап қойылған болатын.

Осы заңның арқасында алдағы Парламент Мәжілісі сайлауына жастар белсене қатысып, саяси науқанның көркін қыздырайын деп тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастарға арналған міндетті 30 пайыз квотаны қарастыру турасындағы ойын Ұлттық сенім кеңесінде жария еткені есімізде.

Ресми дереккөздеріне жүгінсек, елімізде 2016 облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттар елімізді өркендетіп, гүлдендіру жолында жұмыс істеп жатқанын байқауға болады. Мәслихаттарда 3074 депутат жергілікті билік орындарында халықтың мүддесін жоғары жаққа жеткізіп, ой-пайымдарын айтып келеді. Жергілікті жердегі мәслихат депутаттарының басым бөлігін Nur Otan партиясының белсенділері құрайды. Олардың арасында жастардың үлесі қанша деген сұрақ туындайды.

Тағы да статистикалық дереккөздеріне көз жүгіртетін болсақ, жасы 30-ға ілікпеген мәслихат депутаттарының үлесі бар болғаны 2,7% екенін байқаймыз. Бұл өте төмен көрсеткіш. Биліктен үміті бар саяси партиялар осы олқылықтың орнын биыл толтыруға заң бойынша міндеттелді. Алдағы уақытта еліміздің саяси жүйесі жасарып, бойына қан жүгіреді.

Осылайша, жастар еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып, жастардың мәселесін Мәжіліс пен мәслихатта көтеретін болады.

Әлемді шарпыған пандемия да жастардың билікке келу үрдісін жылдамдата түскен сыңайлы. COVID-19 вирусының алғашқы толқыны кезінде еліміздегі белсенді жастар мен еріктілер жан-жақты жұмыс істеп, өздеріне жауапкершілік жүгін жүктеуге болатынын нақты іспен көрсетті.

Көктемде көршілес Қытайдың Ухань қаласында коронавирус ушығып тұрған  кезде сол жерде білім алып жатқан Қазақстанның студенттерін елге жеткізу керек болды. Ал оларды елге жеткізу мәселесі сөз болғанда жағдайда орта жастағы ұшқыштар бас тартқаны естеріңізде болар. Сол кезде жас та болса тәжірибесі мол Аслан Асхатұлы есімді азамат сурылып шығып, бұл іске тәуекел еткенін еліміздегі ақпарат құралдары жарыса жазған еді.

Осы бір ғана жайттан қазақ жастарының мемлекет пен халық алдында жауапкершілік жүгін арқалаудан қашпайтынын байқауға болады. Жалпы, пандемия кезінде талай жастар еріктілер тобына қосылып, ел азаматтарының амандығы үшін күрескенін білеміз.

Өз кезегінде билік басындағы азаматтар да қазақ жастарының осындай іс-әрекеттерін есепке алып, оларды еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласуына мүмкіндік жасады. Осылайша, Қазақстан айдай әлемге жастардың арман-мақсаттарын іске асыруға мүмкіндік берген ел ретінде тағы да таныла түсті. Алдағы уақытта еліміздегі жастар осы мүмкіндікті барынша пайдаланып, ортақ Отанымыз – Қазақстанның гүлденуіне өз үлестерін қосуы керек.

Нұрлан ЖҰМАҚАНОВ, журналист.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x