2021 жылы елордалық оқушылар үшін жеке өсу мектебін ашу жоспарлануда

Dalanews 18 қар. 2020 12:42 266

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты мен Нұр-сұлтан қаласы әкімдігінің Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Соның аясында келесі жылы елордалық оқушылар үшін жеке өсу мектебін іске қосу жоспарлануда.

Жеке өсу мектебі – 6 жастан 16 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыру және оларды «Рухани жаңғыру» қағидаттары негізінде өзін-өзі таныту бойынша білім беру жобасы.

Бағдарламаның бірегейлігі – оқыту жүйесі ойын тәжірибесін (геймификация) қолдану арқылы жүзеге асырылады. Оқуға қазақ және орыс тілді мектептердің оқушылары тартылады. Бастапқыда жоба пилоттық үлгіде елордалық Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының базасында жүзеге асырылмақ. Кейін сәтті іске жүзеге асып, жемісін бере бастаған соң жоба одан әрі өңірлерге қарай көшіріледі.

«Еліміз әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруі үшін алдына асқақ мақсаттар қойып отыр. Мұның жүзеге асуы адами капиталдың сапасына тікелей байланысты. Біз бүгінгі балалардың көшбасшылық әлеуетінің өте зор екендігіне сенімдіміз», - деді «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Данияр Есин.

Өз кезегінде Оқушылар сарайы директорының міндетін атқарушы Раушан Кушибаева өскелең ұрпақ үшін аталмыш Меморандумның маңызы жоғары екенін айтып, жас буынның сапалы дамуына жағдай жасайтындығын жеткізді.

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтымен серіктестік бәсекеге қабілетті жас қазақстандықтарды тәрбиелеу жолында жаңа жобалар ашуға мүмкіндік береді», - деді Раушан Кушибаева.

Сонымен қатар, Меморандум аясында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қағидаттарын ескере отырып, волонтерлік қозғалысты ұйымдастыру, мектеп үйірмелері мен ғылыми бірлестіктердің жұмысын жақсарту жөніндегі әдістемелік ұсынымдар дайындау мәселелерінде, сондай-ақ қоғамдық сананы жаңғырту саласындағы әлеуметтік жобалар мен форсайттық зерттеулер акселераторының қызметі шеңберінде өзара іс-қимыл бойынша ынтымақтастықты жүзеге асыратын болады

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x