Атырауда «Жасыл ел» жасағының белсенділері еңбек маусымын қорытындыланды

Dalanews 17 қар. 2020 09:44 357

Атырауда «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының XVI маусымының жабылу салтанаты өтті. Мерекелік жиынға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова маусым бойы белсенділік танытып, үздіктер қатарынан көрінген бір топ жасты марапаттады, - деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

Шарада алғаш сөз алған Бақытгүл Хаменова «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының маңыздылығына тоқталып өтті.

– Келешек ұрпаққа экологиялық білім беріп, оларды еңбексүйгіштікке, патриоттыққа, жинақылық пен тазалыққа тәрбиелейтін «Жасыл ел» бағдарламасының өскелең ұрпақ үшін маңызыз зор. Осы арқылы қаншама жас бос уақытын тиімді өткізіп, еліне қызмет етуде. Жыл сайын «Жасыл елде»  еңбек еткісі келетін жастар санының артуы да көңіл қуантады. Өңірімізде жастарды ілгері дамытуға арналан жобалар да, мүмкіндіктер де аз емес. Тек оны өз керегіне қарай дұрыс пайдалану әрбір жастың құзырындағы жұмыс, – деді Бақытгүл Хаменова.


Мұнан кейін облыс әкімінің орынбасары маусым бойы белсенділік танытқан бір топ жасты «Үздік жоба», «Үздік командир», «Үздік медиа маман», «Үздік штаб», «Үздік жұмыс беруші», «Жыл серпіні», «Үздік сарбаз» аталымдарымен марапаттады.

Айта кетейік, Атырау облысында  соңғы бес жылда «Жасыл ел» жобасы аясында сегіз мыңға жуық жас жұмыспен қамтылған. Ал биыл 1 004 жас жұмысқа тартылған. Оның ішінде 294-і облыс орталығынан болса, 710 жас –  аудандардан.

Айдын КАКИМОВ

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x