Түркістан – Түркі жұртының өткені мен бүгінін байланыстыратын рухани үндестік

Dalanews 04 қар. 2020 03:19 266

Түркістан – ұлттық рухымыздың жаршысы, мемлекеттілігіміздің сақталып қалуына үлес қосқан қасиетті шаһар. Бүгіндері киелі қала облыс орталығы ретінде дамудың жаңа сатысына қадам басты. Ұлы Жібек жолы арқылы Еуропа мен Қытайды, Орта Азия мен Ұлы даланы жалғастырып жатқан шаһардың тарих үшін қысқа ғана уақыт болып есептелетін 2 жылда жеткен жетістіктері аз емес. Қаланың барлық аумағында дерлік құрылыс жұмыстары қарқын алуда. Айталық, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда құрылыс жұмыстарының көлемі 128,7%-ға ұлғайған, яғни, 26,4 млрд теңгені құрап отыр. Өңірде 141,3 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істеп тұр. Облыс халқының саны 2 022,7 мың адамды құрап, өткен жылға қарағанда 1,5%-ға өскен. Ауыл шаруашылығында да ауыз толтырып айтарлықтай өзгешеліктер бар. Осы ретте, болашағынан зор үміт күттіретін облыстың әлеуеті жайлы белгілі азаматтардың пікірлерін, ой-пайымдарын топтастырғанды жөн көрдік.

 

Нағашыбек Қапалбекұлы, жазушы, ЮНЕСКО Мәдениеттерді жақындастыру орталығының бас ғылыми қызметкері:

«Түркістанды түлету – «Мәңгілік Ел» идеясының бір парасы»


Түркістан – Қазақ хандығының астанасы, түркі дүниесінің рухани орталығы. Қазақстанның тарихи туризм ошағы саналатын Түркістанның туристерді тартуға әлеуеті зор. Тек қана тарихи туризм аясында ғана емес, әлеуметтік мәдени, саяхаттау мақсатында этнотуризм аясында туристерді тарта алады. Түркістан қаласының тарихи-мәдени туризмінің дамуына Үкімет мейлінше мол назар аудара бастады. Бұл дегеніміз – туризм арқылы тек табыс алып келу ғана емес, Түркістандай киелі жерді әлемге танытып, паш ету емес пе?!

Осыдан екі жыл алдын, Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесін алған болса, бүгіндері жаңаша келбетте, жаңаша нақышта кербезденіп келеді. Ендігі басты міндет – Түркістанды өзінің тарихи орнына сәйкес биікке көтеру. Киелі шаһардың болашақта Халықаралық туристік орынға айналдыру үшін жаңадан қонақүйлер, бассейндер, субұрқақтар салу, жолдарды түзету, аймақты көгалдандыру, орта және кіші кәсіпкерлікті дамыту, тарихи тұлғалардың ескерткіштерін тұрғызу, саябақтарды көркейту, оның аумағын абаттандыру үшін көптеген шараларды жүзеге асыру қажет. Ата-бабадан мирас болып қалған ұлттық қолөнерді жаңғыртып, оны жаңа сәулет өнерімен ұштастырып, үндестіріміз керек. Жаңадан салынатын ғимараттар, спорттық сауықтыру кешендері, зәулім мәдениет орталықтары, тұрғын үйлер, әкімшілік-іскерлік орталық және кітапхана кешендері де қала келбетіне ерекші көрік сыйлап, таңғажайып Түркістанның көркі көз алдымызда жаңаратынына шүбә жоқ.

Кешегі айдай әлемге әйгілі болған Елордамыздан кейін бүгінгі Түркістанға ерекше көңіл бөлінуі − ұлт келешегі алдына қойылып отырған үлкен меже деп санаймын. Түптеп келгенде, осы айтып отырған Түркістан қаласы берісі қазақтың, арысы күллі түркінің қайта өрлеуінің, қайта дәуірлеуінің, қайта жаңғыруының айқын мысалы десе де болады. Себебі, халықты ояту үшін, тарихты ояту керек. Елбасы Н. Назарбаевтың тарихи сананы жаңғырту үшін жыл сайын тереңнен қозғап мақала жазуы, ұлттық рухтың, тарихи сананың қозғалуына ерекше рөл ойнайтын Түркістанды түлетуді мақсат тұтуы – «Мәңгілік Ел» идеясының бір парасы деп түсінеміз.

 

 

Құлахмет Байжігітов, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң ботаникалық бақ директоры, биология ғылымдарының докторы:

«Түркістан Халықаралық деңгейдегі туризмі дамыған үлкен рухани орталыққа айналуға қауқарлы»


Киелі Түркістан қаласының Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болғанына бүкіл ел болып қуандық десем артық айтпағандық болар. Күллі Түркі жұртын бір орталыққа ұйыстыратын Түркістан атауы қашан да киелі ұғым екенін ұмытпаған ләзім. Бүгінде өңір қарқынды дамудың даңғылына түсіп, облыс орталығы жаңа кейіпке еніп келеді. Келешекте Түркістан қаласының бір ғана біздің елге емес, түркі әлемі халықтарының басын біріктіретін, қазақтың көне тарихын әлем жұртшылығына танытатын, Халықаралық деңгейдегі туризмі дамыған үлкен рухани орталық боларына сенімім мол.

Еліміздегі халық саны көп өңірдің бірі болып саналатын Түркістанның демографиялық өсім көрсеткіші де  жоғары екенін аңғаруға болады. 2020 жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы да көңіл көншітеді. Облыста 168,7 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі өткен жылмен салыстырғанда 109,1 %-ды құраған. Тартылған инвестиция 160 млрд теңге көлемінде болып отыр. Бұл дегеніңіз артылған сенім мен үкілеген үміттің зор екенін аңғартса керек-ті.

Облыстың даму даңғылындағы негізгі драйвері болып саналатын ауыл шаруашылығында да айтарлықтай өзгешеліктер бар. Биылғы күні ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 110,0 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5%-ға артқан. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы – 18,3 млрд теңгені (100,0%) құраса, мал шаруашылығы 90,8 млрд теңгені яғни 102,8%-ды құрап отыр. Өңірде 71,1 мың тонна ет (тірідей салмақта), 221,1 мың тонна сүт, 65,2 млн дана жұмыртқа өндірілген. Бұл республика бойынша алдыңғы қатардағы көрсеткіш болып саналады. Жалпы, облыс ретінде құрылғалы бері егіс көлемі 12 мың гектарға артқан. Бұл аталмыш көрсеткіштер осы межемен тоқталып қалады деген сөз емес. Алдағы уақытта да экономиканың өсуі мен дамуына септесетін талай бастамалар көтеріледі деген сенімдемін.

Айтылар сөз бен жеткізер пікір шексіз. Ең бастысы, тектіліктің төріне айналған Түркістанның гүлденуі – баршамызға ортақ екенін көкірек күмбезімізбен сезіне білейік.

 

Қорыта айтқанда, Түркістан туралы Шерхан Мұртазаның сөзімен тарқатсақ, «Әр елдің, егер ол өз тарихын, өз мәдениетін, өз намысын бағалай білетін ел болса, пір тұтатын бір мекені болады. Мысалы, ол өзбектерде – Самарқан, Бұхара. Орыстарда – Суздаль, Владимир. Иранда – Машхат. Ал, біз, қазақтар үшін сондай рухани алып – Түркістан» дейді. Расында да бүкіл қазақ, тіпті түркі әлемі, иісі мұсылман қауымы тәу ететін Түркістанның тыңнан түрен салатын кезі де келді деп санаймыз. Өйткені ол – Түркі жұртының өткені мен бүгінін байланыстыратын рухани үндестік іспеттес.

Әзірлеген, Тимур АТАБАЕВ

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x