Журналист: «Тазабектің жеке басына шұқшия бермей, оның телеарнадағы еңбегін де бағалайық»

Dalanews 07 қар. 2020 10:11 217

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Мұхамеджан Тазабек «Асыл арнаны» жауып, «Тәлім ТВ» жобасын қолаға алатынын айтты. Осы ретте белгілі журналист Нұрлан Жұмахан Тазабектің жеке басына шұқшия бермей, оның телеарна саласындағы менеджерлік қызметіне де бір ауық мән беру керектігін айтты. Сондай-ақ, ол «Діни ақпараттық қауіпсіздіктің қабырғасы сөгіліп тұрғанда, жоқ-жітігімізді түгендеп, үлкен іске тәуекел еткен Тазабекке алғыс айтпасақ, қарғыс айтпайық» деп халыққа үн қатты.

 

Бүгін Мұхамеджан Тазабек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Асыл арнаны» жабатынын, алдағы уақытта «Тәлім ТВ» деген жаңа арнаның жұмысын қолға алатынын айтты. Оның айтуынша, «Тәлім ТВ» еліміздегі тұрмыстық, әлеуметтік мәселелерге қатысты бағдарламалар дайындамақшы.

Соңғы жылдары елімізде дінге қатысты көптеген мәселелер туындағаны жасырын емес. Мұның бәрі діни ақпараттық қауіпсіздігіміз дұрыс қорғалмағандықтан орын алды. Оны мойындауымыз керек.

Халық діни ақпаратқа мұқтаж болды. Жұрт көкейге тұнған сауалына дұрыс жауап ала алмай қиналды.

Осылайша, халық діни ақпаратқа сусап тұрғанда «Асыл арна» телеарнасы ашылып, жұрттың көзі ашылғанына куә болдық. Міне, содан бері 10 жыл өте шығыпты.

Енді Діни басқарманың жанынан «Халық арна» ашылып, мүфтият діни бағыттағы хабар таратуды толықтай өз қолына алды. Бұл ретте «Асыл арнаның» бас директоры Діни басқарманың бастамасын құп алып, осыған дейін діни бағытта хабар таратып келген «Асыл арнаның» жұмысын тоқтатып, жаңа жобаны қолға алатынын мәлім етті.


Осы ретте Діни басқарма ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, діни бағытта хабар тарататын телеарнаны 10 жыл бұрын неге ашпады деген заңды сұрақ туындайды. Бірақ ол кезде Діни басқарманың бұдан да басқа жұмыстары жетіп артылатын. Айталық, діни кадрларды даярлау, еліміздегі мыңдаған мешіттерді құжаттандыру, діни оқу орындарын құру сынды көптеген маңызды жұмыстар кезегін күтіп тұрды. Осы қат-қабат жұмыстар басқарманың ақпараттық қауіпсіздік мәселесімен айналысуына мойын бұрғызбады.

Бірақ сол кезде Мұхамеджан Тазабек бастаған азаматтар осы олқылықтың орнын толтырып, діни ақпараттық жұмыстармен айналысып, «Асыл арна» құрды.

«Асыл арна» құрылған кезде елімізде дін мәселесі өзінің апогейіне жетіп тұрған еді. Сол тұста Мұхамеджан Тазабековтың діни ұстанымына қатысты қоғамдық ортада түрлі әңгіме айтылды (ол әңгімелер әлі де айтылуда).


Бүгін өткен баспасөз мәслихатында да Тазабекке осы сұрақ төтесінен қойылды. Ол бұған дейін айтқан жауабын, яғни Ханафи масхабының ұстанымдарын берік ұстанатынын айтты.

Мұхамеджан Тазабек 10 жыл «Асыл арнаны» басқарған тұста оның бұра тартып, сәләфилердің ұстанымын насихаттағанын естіген де, көрген де емеспіз.

Айтпақшы, «Асыл арна» құрылған күннен бастап, арнада шығатын хабарлардың бәрі Діни басқарманың қатаң бақылауында болғанын білеміз. Бірақ осы уақыт аралығында тараптардың қандай да бір мәселе бойынша «түсініспей қалыпты» деген әңгімені естімедік.

Мойындаумыз керек, «Асыл арна» 10 жылдық жұмысы барысында миллиондаған көрермендерді қалыптастырды. Темірді қызған кезінде соқ дегендей, дәл уақытында ашылып, қалың бұқараға дұрыс діни ақпаратты таратты.

Осылайша Мұхамеджан Тазабеков қазақ тілінде сапалы медиа ресурс ашу мүмкін емес деген сыңаржақ пікірді бұзды. Бүгінде дін жолында жүрген журналистер жетерлік, солар неге осы бағытта жұмыс істемеді? Мұндай жұмысқа тәуекел ету үшін дін саласын жетік білу жеткіліксіз. Телеарна құруға тәуекел еткен адам білікті менеджер болуы шарт.


Сондықтан қиын кезеңде жыртығымызға жамау болған, Мұхамеджан Тазабековтың жұмысын үлкен ерлікке бағаламасақ та, лайықты бағасын беретін кез жетті деп есептейміз.

Осы ретте біздер Мұхамеджан Тазабектің жеке басына шұқшия бермей, оның телеарна саласындағы менеджерлік қызметіне де бір ауық мән беріп, сол жайында әңгіме қозғаған жөн.

Тазабек өзінің қолында зор ақпараттық ресурс тұрғанда жұртты екіге жарды ма? Жарған жоқ. «Асыл арнаның» эфирінен шығатын хабарларда сәләфилік ұстанымға сәйкес қандай да бір элементтер болса, ол сол күні су бетіне қалқып шығар еді. Бірақ мұндай оқиға болған жоқ.

Сондықтан діни ақпараттық қауіпсіздіктің қабырғасы сөгіліп тұрғанда, жоқ-жітігімізді түгендеп, үлкен іске тәуекел еткен Тазабекке алғыс айтпасақ, қарғыс айтпайық, ағайын.


Мұхамеджан Тазабек әлеуметтік желімен де белсенді жұмыс істеді. Бүгінде Тазабектің әр посты үлкен талқылауға ұласады. Мұндайда Мұхаңның өзін бір телеарна дерсің. Телеарна басшылары дегенде алдымен Мұхамеджанның есімі ауызға ілігеді. Неге? Өйткені ол әлеуметтік желіде танымал. Жалпы, кез келген медиа ресурстың басшысы дау-шардан қашпай, қайнаған ақпараттың бел ортасында жүруі керек қой. Сондықтан алдағы уақытта оның ақпараттық салада тиімді жұмыс істейтін менеджер екенін талдап айтып, елдік мақсатқа барынша пайдалануымыз керек. Осы ретте Мұхамеджан Тазабектің «Тәлім ТВ» жобасын қолға алып, ақпараттық саладан ұзап кетпегені қуантты.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x