Талдықорғандағы коттедж қалашығы. Мұнда 500-ге тарта көпбалалы отбасы тұратын болады

Dalanews 04 қар. 2020 08:48 241

Алматы облысында тұрғын үй құрылысы жақсы қарқынмен жүріп жатыр. 9 айда 712,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өсім 7,6% құрады. Ал жылдық жоспар – 938,8 мың шаршы метр.

Бұл жайында бүгін Президент Жолдауының өңірде орындалу барысы туралы брифинг өткізген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеп.

Өңір басшысының айтуынша, Елбасының «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйлер мен инженерлік инфрақұрылымдардың құрылысына 38,3 млрд. теңге бөлінді.

Жалпы облыста барлығы 2843 пәтерлік 566 тұрғын үй салынуда, оның 1020-сы көп балалы отбасыларына беріледі. 1533 отбасы «7-20-25», «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ 5-10-20» жеңілдетілген бағдарламалары бойынша пәтер алады. 


«Облыс орталығы Талдығорғанда 670 коттедж қалашығының құрылысы жүріп жатыр. 2018-2019 жылдары 203 коттедж қолданысқа берілді, биылғы жылы тағы 345-ін береміз, қалғаны 2021 жылы беріледі. Мұнда 445 көп балалы отбасы тұратын болады, сондықтан бұл жаңа шағын ауданда мектеп құрылысы басталды, балабақша, балалар алаңдарын, футбол алаңдарын салып, барлық аумағын абаттандыратын боламыз», - деді спикер.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x