Илхам Әлиев: «Таулы Қарабақта референдум өткізуге келіспейміз»

Dalanews 23 қаз. 2020 04:04 293

Баку Таулы Қарабақта референдум өткізуге ешқашан келіспейді. Бұл туралы Әзірбайжан президенті Илхам Әлиев жапониялық Nikkei газетіне берген сұқбатында жеткізді.

«Таулы Қарабақта ешқандай референдум өтпейді. Біз мұндай ұсынысқа ешқашан келіспейміз. Қазір аймақтың көбін қайтарып алғаннан кейін бұл жөнінде сөз болуы да мүмкін емес» деді Әлиев.

– Өзін өзі анықтау – халықаралық құқықтың маңызды факторы. Бірақ бұл Әзірбайжанның аймақтық тұтастығын бұзбауы керек. Армяндар өз тағдырын шешіп қойды. Оларды Армяндар деген тәуелсіз ел бар. Армяндар тұратын аймақтардың бәріне өзін өзі анықтай берсе, онда дүниеде қаншама кішкентай Армениялар пайда болар еді, – деді Әзербайжан президенті.


«Өзін өзі анықтаудың түрлі жолдары бар. Мысалы мәдени автономия болуы мүмкін. Бірқатар Еуропа елдеріндегі кейбір муниципалитеттерде диаспораның белгілі бір құқықтары бар екенін көріп жатамыз. Әзірбайжанда жасап жатқан армяндар да осындай құқықтарын пайдаланса болады. Бірақ Әзірбайжан аймағында екінші армян мемлекетінің құрылуына ешқашан жол бермейміз. Бұл жөнінде сөз болуы да мүмкін емес. Бір сөзбен айтқанда, ешқашан ешқандай референдум болмайды» деді Әлиев.

Өз кезегінде Армения Таулы Қарабақ мәселесін бейбіт жолмен ғана шешу мүмкін деп есептейді. Бұл туралы елдің сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.

«Біз Таулы Қарабақ мәселесі халықаралық мандатқа ие ЕҚЫҰ-ның Минск тобының тең төрағалығы алдында бейбіт жолмен ғана шешілу керек екенін тағы айтамыз» деп жазылған мекеме мәлімдемесінде.

Осыған дейін Армения премьер-министрі Никол Пашинян Таулы Қарабақтағы жанжалды дипломатиялық жолмен шешу мүмкін емес екенін білдіген. Оның сөзінше, Ереван компромисс жасауға әрекет етті, бірақ Баку тарапынан жауап қадамдар жасалған жоқ.


Таулы Қарабақ халықаралық деңгейде Әзербайжанның жері саналады. Бірақ ол 1990-жылдардан бері этникалық армяндардың бақылауында. Совет Одағы ыдырағанда Ереванның қолдауына ие армян сепаратистері Әзербайжаннан бөлініп шығатынын мәлімдеп, арты Әзербайжан мен Армения арасындағы соғысқа ұласты. Алты жылға созылған соғыс 1994 жылғы келісіммен тоқтады. Бірақ бейбітшілік толық орнаған жоқ, ара-арасында қақтығыстар болып тұрды. Сол уақыттан бері Таулы Қарабақ этникалық армяндардың қолында. Соғыс салдарынан жүздеген мың әзербайжан босқынға айналды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x