Ізденімпаз ұстаз – бала жүрегінен орын табады

Dalanews 21 қаз. 2020 02:48 837

«Алматы жыл мұғалімі – 2020» байқауының жүлдегері, №174 мектеп-гимназияның ағылшын тілі пәні мұғалімі Гүлнұр Алмабаевамен сұхбат.



 – Гүлнұр ханым, өткен жылы республикалық «Педагогикалық идеялар панорамасы» конкурсына қатысып, жеңімпаз атанғаныңызды білеміз. Айтулы конкурсқа ұсынған бейнедәрістің ерекшелігі туралы баяндап берсеңіз.

– «Өрлеу» БАҰО» АҚ ұйымдастырған республикалық «Педагогикалық идеялар панорамасы» атты кәсіби байқауға екі жыл қатарынан қатысып, республикалық кезеңде жүлделі орынды иелендім. Байкаудың талабы бойынша 20 минут көлеміндегі панорамалық бейнесабақ түсірдік. Сабақтың әр кезеңінде қандай әдіс-тәсілдерді қолданғанымызды және олардың қаншалықты тиімді екенін көрсету керек болды.

Шын мәнісінде, «Өрлеу» бастаған жаңа үлгідегі конкурс заманауи талаптарға сәйкес мұғалімдердің кәсіби шеберлігін шыңдауға айтарлықтай мүмкіндіктер жасады.

Конкурсқа қатысу арқылы жинақтаған тәжірибемнің арқасында «Алматы жыл мұғалімі – 2020» байқауына қатысу барысында панорамалық сабақ түсіру қиын болған жоқ. Себебі алдыңғы байқауларда жинаған іс-тәжірибем көп көмегін тигізді. Осы сабақта оқу мақсаттары негізінде оқушының қажеттілігін ескере отырып, сабақ  мақсаттары Блум таксономиясы арқылы жүзеге асырдым.


Ойға алған ісімді жүзеге асыру үшін ICT Impact технологиясымен интербелсенді оқыту әдістерін таңдап алдым. Яғни, дәстүрлі сабақты қосымша инвертациялау – комбинаторлық креативті, инновациялық шығармашылықты дамытатын, тиімді әдіс десем болады.

– Мұғалімдердің қашықтан оқу жағдайына бейімделуіне конкурстың  қаншалықты ықпалы бар деп ойлайсыз?

–  «Ұстаз болу – жүректің батырлығы» деп Ғафу Қайырбеков ағамыз жырлағандай, кәсіби байқауларға қатысып, заманауи біліммен қаруланған, өзінің бәсекеге қабілетті екендігін дәлелдеп жүрген ұстаздардың еңбегі – нағыз ерлік. Олар ештеңеден қорқпайды.

Дүниежүзін шарпыған пандемия кезінде ұстаздар қауымы тығырықтан жол тауып, ізденіп, цифрлық сауаттылықтарын дамытуға кірісті. Өзіме келетін болсам, өзімнің әдіс-тәсілдеріммен бөлісу мақсатында  әлеуметтік желілер арқылы республика мұғалімдеріне тегін марафон, түрлі онлайн кездесулер өткізіп, шығармашылық байланыс орнатып жүрген жайым бар.

– Тәжірибеде қандай әдістерді жиі қолданасыз?

– Қазіргі кезеңде білім берудің сапасын жақсарту, әдістемелік негізін өзгерту – заман талабына сәйкес туындап отырған қажеттілік. Мектептің оқу үрдісін жетілдіру үшін инновациялық білім беру технологияларын пайдаланудың тиімділігін өмірдің өзі дәлелдеп отыр.

Сондықтан мен өзімнің ұстаздық міндетімде инновациялық білім беру технологиясын қолданумен келемін. Бүгінгі білім бәсекелесі заманында шәкірттеріміздің  биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткіземіз. Мұғалім заман ағымына сай өз білімін жетілдіру арқылы мектепке жаңалық әкелуі қажет.

– Әртүрлі конкурстарға тайсалмай қатысатын ұстаздың өз шәкірттерін сайыстарға дайындайтын мүмкіндігі бар ма?

– Әрине. Шәкірттерімнің жан сарайын біліммен толтрып, олардың ерекше тұлға болып қалыптасуын көру – мен үшін үлкен бақыт. «Ізденімпаз ұстаз қашан да бала жүрегінен орын табады» дегендей мен де заман талабына сай, бәсекеге қабілетті, интеллектуалдық әрі кәсіптік тұрғыда ізденуден жалықпайтын шәкірттерімді білім сайыстарына дайындаймын.

Оқушыларымның сенімді әрекет, батыл шешімдер қабылдауы өте маңызды.  Ағылшын тілі пәнінен шәкірттерім аудандық, қалалық, республикалық олимпиада, ғылыми жоба, фестивальдерге қатысып, жүлдегер атануда.


Айталық, 2019 жылдың қазан айында Түркия мемлекетінің Анталья қаласында өткен «XI халықаралық пәндік олимпиадаға» 16 мемлекеттен келген қатысушылармен бақ сынасып, 12 оқушым I, II орындарға ие болып, елге жүлделі оралды. Бұл үлкен ізденімпаздықтың, еңбектің арқасы. «Ұстаз – ұлық жұмыс емес, ұлы жұмыс» деп Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы айтқандай,  ұстаздық міндетті абыроймен атқару – әрбір мұғалімнің арман-тілегі.

– Конкурс жеңімпазы ретінде тәжірибеңізге қандай өзгерістер енгіздіңіз? 

– Ұстаз мәртебесін көтеру және педагогикалық шығармашылыққа бағытталған «Алматы жыл мұғалімі – 2020» байқауына қатысып жүлделі 2-ші орынды иеленіп, 2 000 000 теңге сыйақы алдым. Мен үшін бұл үлкен мәртебе. Бұл байқау Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қолдауымен өтті.

Әкімнің мұғалімдермен кездесіп, ұстаздар қауымына осынша көңіл бөліп жатқаны әрине қуантады, шабыттандырады. Бұл байқаудың жеңімпазы ретінде біздерге үлкен жауапкершілік артады, білім саласында жаңа жаңалықтар әкелуімізді күтеді. Байқаудан кейін мектебімдегі  жас ұстаздар жетекшісі ретінде әдістемелік семинар, түрлі іс шаралар өткізіп жатырмын.

Сонымен қоса Әлия Назарбаеваның фонды ұйымдастыратын «National teacher prize» байқауының координаторы,  әлем мұғалімдерінің САММИТ-де фасилитатор болуыма ұсыныс білдірді. Бұл мен үшін күтпеген ұсыныс, бірақ қуана келісіп, өз міндетімді атқарып шықтым. Алға қойған жоспарларым өте көп. Алла қаласа біртіндеп жүзеге асырамын.

– Гүлнұр Исламғазықызы, ой-пікіріңізбен бөліскеніңіз үшін рақмет. Арман-мақсаттарыңыздың орындалуына тілектеспіз.

Сұхбаттасқан Перуза Асылбек

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x